Астана әкімдігі «Азбука жилья» компаниясының проблемалы тұрғын үйлеріне қатысты түсінік берді
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Азбука жилья» компаниялар тобының проблемалы тұрғын үй кешендеріндегі құрылысты «Орда инжиниринг» ЖШС аяқтайтын болды.
Бұл туралы Астана қалалық Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы басшысының орынбасары Дәулет Досқұлов мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат».
«Бүгінде «Азбука жилья» бойынша 7 нысанда түйіткілдер туындап отыр. Осы ретте тиісті жұмыстарды аяқтау үшін «Орда инжиниринг» компаниясы тартылды. Барлық нысандарға қатысты келісімдер бекітілді, тек «Айсанам де люкс» нысаны бойынша үлескерлер тұрғын үй-құрылыс кооперативіне бөлініп кеткен. Сәйкесінше, олар арасында түсінбеушілік болып жатыр. Менің ойымша, «Орда инжиниринг» бұл мәселені шешетін болады»,-деді Досқұлов баспасөз мәслихатында.
Оның сөзіне қарағанда, «Орда инжиниринг» құрылыс жұмыстарын жалғастыру тұрғысында дайындық шараларына кірісіп кетті.
«Қылмыстық іс бойынша сот шешімі қабылданбағандықтан, тыйым салынған мүлікті үлескерлер пайдасына беру туралы мәселе шешілген жоқ. Меніңше, құрылыс басталар сәтте сот шешімі қорытындысы бойынша және мүлікке қатысты нақты шаралар қабылданатын болады»,-деді ол.
Естеріңізге сала кетейік, 2016 жылдың мамыр айында Австрияның құқық қорғау органдарымен бірлескен жедел іздестіру шаралары барысында сеніп тапсырылған мүлікті иемденіп, талан-таражға салғаны үшін Қазақстан ІІМ Интерпол Ұлттық орталық бюросы халықаралық іздеу жариялаған Ерқанат Тайжанов ұсталған болатын. Тайжанов 2012-2015 жылдары аралығында «Азбука жилья» компаниялар тобының нақты иесі бола тұрып, үлескерлердің 40 млрд. теңгеден астам қаржысын қасақана әрі заңсыз иемденген. Қазіргі уақытта ұсталғанды Қазақстан Республикасына экстрадициялау мәселесі шешілу үстінде. Айта кетейік, «Азбука жилья» құрылыс компаниялары тобының басшыларынан «Айсанам», «Айсанам де люкс», «Комсомольский», «ExpoCity», «ExpoTown», «Комфорт», «Гарант», «Жеті Жол», «Садовые кварталы» және «Династия» тұрғын үй кешендерінің үлескерлері зардап шекті.