Астана әкімдігі балалар туризмін дамытуға уәде берді

АСТАНА. ҚазАқпарат – Елорда әкімдігі балалар туризміне қаржы бөліп, дамыту жағын қарастыратынына сендірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Астана әкімдігі балалар туризмін дамытуға уәде берді

«Ішкі туризмді дамыту балалар туризмінен басталады. Балалар жиі саяхаттаса, оған еріп ересектер де көбірек саяхаттайды. Маған көлікке 10 млн теңге беріңіздерші, мен музейлерге 10 мың бала әкелемін. Балалар көрген, білгенін үйіне айтып барады, содан соң ата-ананың қызығушылығы ояна бастайды. Бір жағынан музейлердің де жұмысы жүреді», - деді елордалық туризм қауымдастығының өкілі Татьяна Верницкая Астана қалалық кәсіпкерлер палатасында өткен кездесуде.

Өз кезегінде елорда әкімінің орынбасары Ерлан Бекмырзаев балалар туризміне қолдау көрсетуді жауапты мекемеге жүктеді.

«Қалалық мәслихаттың жаңа құрамы жасақталған соң сіз көтерген мәселені мәслихат қарауына енгіземіз», - дейді ол.

Айта кетсек, Мәдениет және спорт министрі бүгін ғана туризмді дамыту бойынша әлемнің үздік 50 елінің қатарына кіру жоспары туралы баяндаған еді.

2030 жылға дейін барлық шараларды іске асырудың нәтижесінде ішкі туристердің санын 11 млн адамға дейін, шетелдік туристерді – 4 млн адамға дейін, салада жұмыспен қамтуды – 800 мың адамға дейін арттыру көзделеді.

Сондай-ақ Дүниежүзілік экономикалық форумның рейтингісіне сәйкес туризмді дамыту бойынша Қазақстанды әлемнің үздік 50 елінің қатарына қосу көзделіп отыр.


Оралда тарихи Хан тоғайы азып кетпеуі үшін экопарк жасау керек – ғалым
Ұқсас жаңалықтар

Оралда тарихи Хан тоғайы азып кетпеуі үшін экопарк жасау керек – ғалым