Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Астана әкімдігі белсенді азаматтарға сыйлық беруді көздеуде

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елорда әкімдігінде «Smart Astana» мобильді қосымшасының жаңашылдықтары таныстырылды. Онда қоғам өміріне белсенді қатысатын азаматтарға ұпай жинауға және оларды виртуалды дүкенде тауарға алмастыруға мүмкіндік беретін "Белсенді тұрғын" атты бөлім болады, деп xабарлайды ҚазАқпарат.

Астана әкімдігі белсенді азаматтарға сыйлық беруді көздеуде

"Белсенді тұрғын" бөлімі - әлеуметтік сауалнамаларға, үнқатысуға белсенді араласуға жол ашады. Мысалға, кез келген азамат автобустарға арналған жолақтар туралы өз пікірін білдіруге, ол қаншалықты ыңғайлы екенін, тағы қандай көшелерге орнатуға болатынын айта алады. Жаңашылдықтарға да баға бере аласыздар. Мысалы, қаладағы жасыл желек отырғызу ұнай ма, ұнамай ма, гүл отырғызған дұрыс па немесе ағаш еккен жөн бе? Бір аптадан соң тағы бір бөлім ашылады. Ол - "Виртуалды дүкен". Сауалнамаға қатыссаңыз, ұпай жинайсыз. Олар жеке кабинетте сақталады. Ұпайлардың керек көлемін жинасаңыз, дүкеннен белгілі бір тауарларды таңдай аласыздар", - деп атап өтті Астана әкімінің орынбасары Малика Бектұрова. 

Оның сөзінше, ол тауарлардың ішінде Астана брендіне қатысты кәдесыйлар, қалалық мәдени шараларға, концерттер мен музейлерге арналған билеттер болады. 

Бүгінде «Smart Astana» арқылы дәрігерге, әкімдікке жазылуға, балабақша кезегіне тұруға, коммуналдық қызметтерді төлеуге, пойыз, ұшақ, автобустардың уақытын бақылауға, "109" кезекші қызметіне өтініш тастауға, учаскелік полиция қызметкерін тауып алуға, ЭКСПО билеттерін сатып алуға болады. Жалпы қосымшада 12 сала бойынша 30 қызмет түрін қолдануға мүмкіндік бар.