Астана әкімдігі Қабанбай батыр даңғылына Bus line жолағын енгізуге қатысты түсінік берді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана әкімдігі Қабанбай батыр даңғылына Bus line қосымша жолағын енгізу мәселесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
«Тамыз айында талдау жүргіземіз - мәселен, Қабанбай батыр даңғылына Bus lane енгізуге байланысты даулы жағдай болды. Алғашқы бұл көше EXPO line аймағы ретінде қаралды, яғни жеке автокөліктердің жүруіне шектеу қойылып, тек қоғамдық көліктердің, жаяу жүргіншілер аймағы мен велосипедтердің жүруі тиіс болған. Көптеген елдерде ауқымды іс-шаралар өткізу кезінде осындай шаралар қолданылады. Барлық жағдайды талдап, бәріне қолайлы режім ұйымдастыру туралы шешім қабылдадық. Сондықтан, бір жолақтан қалдыруды жөн көрдік. Әрине, тұрғындардың көпшілігі сынға алды, алайда оны толық жабу туралы нұсқа болғандығын адамдар түсінулері керек, сол себепті транзиттік нұсқа жасауды ұйғардық», - деді Астана қалалық жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Бекмырза Игенбердиев.
Сондай-ақ, ол қосымша жолақтардың енгізілуі «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізуге байланысты екендігін атап өтті.
«Bus line жолағы автобустардың уақтылы қозғалуы үшін енгізілді. Бұл - жолаушылардың жолға кететін уақытын нақты есептеуі және бағдарларын анықтауы үшін жасалынуда. Егер адам аялдамаға шығып, автобусының қашан келетінін білсе, қажет жеріне неше минутта жететінін есептей алады. Жалпы ұзақтығы 80 шақырымдық Bus lane қаланың 23 учаскесіне қойылған», - деді басқарма басшысы.