Астана әкімдігі қаланың азық-түлік белдеуінде кластерлік кооперативтер құруды ұсынып отыр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада азық-түлік тапшылығы тіркелмегенімен, қала базарларында әлеуметке ең керекті 33 тағам түрінің барлығы сатылып жатқан жоқ. Бұл туралы бүгін Астана әкімдігінде азық-түлік белдеуіндегі ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің конференциясында Астана қаласы ауыл шаруашылығы басқармасының жетекшісі Әсет Құрманғалиев мәлім етті.

Астана әкімдігі қаланың азық-түлік белдеуінде кластерлік кооперативтер құруды ұсынып отыр

«Жалпы, Астанада азық-түлік тапшылығы тіркелген жоқ. Тек, қала базарларында әлеуметке аса қажетті 33 тағам түрінің барлығы сатылмайды. Азық-түлік белдеуі автономды бола алмай отыр және экономикалық тәуелсіздігі қамтылмаған. Яғни, елорданың базары маусымдық, ауа райының және өзге де факторлардың құбылуына тәуелді. Баға балансын да бақылау мүмкін емес. Бүгінде елорданың азық-түлік белдеуі қала сұранысының тек 35 пайызын қамтып отыр»,-дейді басқарма жетекшісі.

Алайда, Ә.Құрманғалиевтің айтуынша, нан, ұн өнімдері қала базарларында 200 пайыз, ет пен ет өнімдері 100 пайыз, сүт және сүт өнімдері 100 пайыз, жұмыртқа 200 пайыз, картоп 106 пайызға  толып тұр. «Бірақ, бұл көрсеткіштер азық-түлік бағасын қалыптастыруда экономика мен маркетингтің заңына сай, бір бағаны қалыптастыруға әсер ете алмайды. Дүкен сөрелері өзге өңірлерден, тіпті, өзге елдерден келген тамаққа толып тұр»,-дейді Ә.Құрманғалиев.

Осыған байланысты қала әкімдігі азық-түлік белдеуінің радиусын 60-100 шақырымға дейін қысқартып, өндірісті, сақтау мен сатуды бір жүйеге біріктіру арқылы кластерлік кооперативтер құруды ұсынып отыр.

Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы мына бір деректі де жасырмады: өзге өңірлердің өнім әкелу үшін кемінде жарты күн, тіпті, бірнеше күн уақыт кетеді, сондықтан, кез келген азық-түліктің, мысалы, көкөніс пен жеміс-жидектің жарамдық мерзімі өтіп те кетеді. Яғни, халық бұзылған азық-түлікті тұтынады. «Азық-түлік қауіпсіздігінің шартына сай, кез келген өңірдің өзі шығаратын өнім 80 пайызды, сырттан тасымалданатын өнім 20 пайызды құрауы керек. Ал, бізде азық-түліктің 60 пайызға жуығы елорданың азық-түлік белдеуінен тыс аумақтан тасымалданады»,-деп мәлімдеді Ә.Құрманғалиев.