Астана әкімдігі көкөніс қоймасындағы өрт кезінде қаза тапқандардың отбасыларына көмек көрсетуде

АСТАНА.  Қарашаның  11-і. ҚазАқпарат /Дамир  Байманов/ - Астана әкімдігі   көкөніс  қоймасындағы  өрт  кезінде қаза тапқандардың отбасыларына көмек көрсетуде, 

Астана әкімдігі   көкөніс  қоймасындағы  өрт  кезінде қаза тапқандардың отбасыларына көмек көрсетуде

деп хабарлады   қалалық әкімшіліктің баспасөз қызметінен.

 Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, өрттің шығу себептерін анықтау бойынша құрылған мемлекеттік комиссия құрамына Астана қаласы әкімінің орынбасары Василий Крылов кірді. Ол жерлеуді ұйымдастыру және зардап шеккендер отбасыларына материалдық әрі моралдық көмек беру жөніндегі мәселелерді қадағалайды.

 Астана қаласының Төтенше жағдайлар жөніндегі департаментінде және Қазақстан   Республикасы  Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің елордалық  департаментінде қаза болғандардың жақындары мен туыстары өз жақындары туралы толық ақпарат біле алатын телефон желілері тұрақты жұмыс істейді.

 Телефон нөмірлері: Астана қаласы бойынша ТЖ департаменті  - 32-69-73, 32-83-44; ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау департаменті - 20-07-72.

Оқиға салдарынан 14 адам тілсіз жау құрбаны болғанын, оның ішінде 5  - әйел адам, 9 - ер адам екенін   ҚазАқпарат  бұдан бұрын хабарлаған  болатын.     Өрт құрбандарының  тізімі  Астана әкімдігінің  ресми сайтында  жарияланып отыр.

 Өрт болған нысан бірінші кезекте Астана қаласы Индустриялық паркінің логистикалық орталықты өндірістік-техникалық кешен құрылысы болып табылады. Нысанның бірінші кезегін 2010 жылдың ақпан айында пайдалануға беру жоспарланған.

 Құрылыстың тапсырыс берушісі «Астанапром» ЖШС болып табылады, ал мердігері -«Транзит Сервис-ТГ» ЖШС, бас жобалаушы - «Логос» ЖШС.

 Астана қаласының ІІД тергеу басқармасы ҚР ҚК 256 бабы,2 бөлігімен қарастырылатын, яғни «Өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзғандығынан адам өлімі және өзге де ауыр салдарға әкеп соққан» қылмыстық белгілер бойынша қылмыстық іс қозғады.