Астана әкімдігі көлік кешенін дамытудың бес жылдық жоспарын ұсынды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Көлік кешенін дамыту бағдарламасында қаланың жаңа аудандары мен ескі бөлігінде көше салу және қайта жаңарту көзделіп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат Елорда Инфо сайтына сілтеме жасап.
Астана қаласы мәслихатының кезекті сессиясында қала әкімінің бірінші орынбасары Сергей Хорошун елорданың көлік кешенін дамыту бағдарламасын ұсынды. Ондағы жоспарға сәйкес, алдағы 5 жылда 121 шақырым жол, 3 көпір, 2 көлік айрығы, 1 жол өтпесі және 1 тоннель салу жоспарлануда.
«Бағдарламада қаланың жаңа аудандарында және ескі бөлігінде көше салу және қайта жаңарту жұмыстары көзделген. Мысалы, Кенесары көшесін 2 көпірі бар Күмісбеков көшесінен Бейсекова көшесіне дейін тесу Сарыарқа және Бөгенбай батыр даңғылдары және Сейфуллин көшесіндегі жүктемені едәуір төмендетеді. Ал Асан қайғы көшесінің Тәшенов көшесінен Бөгенбай батыр даңғылына дейін жөнделуі Уәлиханов көшесінен 40% және Республика даңғылынан 25% пайыз жүктемені азайтуға мүмкіндік береді. Өз кезегінде, Тәуелсіздік және Ұлы Дала даңғылдарын Есіл өзені арқылы өтетін көпір құрылысымен қосу Мәңгілік Ел және Қабанбай батыр даңғылдарындағы көлік жүктемесін едәуір жеңілдетеді», - деді ол.
Сондай-ақ, С. Хорошун жыл соңына дейін 28 шақырым жаңа жол құрылысы аяқталып, тағы 7 шақырым жолға жөндеу жұмыстары жүргізіледі деп мәлімдеді.
«Үш жыл ішінде қала әкімдігі жол салу және қайта жаңарту жұмыстарын жүргізді. 110 шақырым жаңа жол салынды, оның 65 шақырымы Оңтүстік-Шығыс, Ильинка, Комсомол және басқа да тұрғын алаптарында салынды», - деп Сергей Хорошун атқарылған жұмыстар туралы есеп берді.
Елорда әкімінің орынбасары 2020 жылы Тілендиев даңғылынан Қабанбай батыр даңғылына дейін ұзындығы 34,4 км үлкен айналма жолдың оңтүстік-батыс бөлігінің аяқталатындығын еске салды. Ол Астананың көлік жүйесінің жүктемені төмендетіп, қаланың көлік ағынының құрамында транзиттік автокөлік санын азайтуды қамтамасыз етеді.
Қаланың көше-жол желілері:
Жалпы ұзындығы 1102 шақырымды құрайтын 1039 көше (асфальтбетонды жабыны 837,82 (76%), қатты жабынсыз - 264,5 км (24 %);
оның ішінде:
- 8 көлік айрығы;
- 17 автожол көпірі;
- 7 жер асты және 4 жер үсті жаяу жүргіншілер өткелі;
- 9 жол өтпесі;
- 1 тоннель.