Астана әкімдігі көлік қозғалысын тың әдістермен реттемек
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласының жолаушылар көлігі басқармасы жолдардың жөнделуі туралы ақпаратпен бөлісті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
«Қолданыс кезінде жолдарда кем-кетіктердің пайда болуы - қалыпты құбылыс. Десе де, жолдың жағдайына климаттық, топырақты-геологиялық және гидрологиялық жайлар да үлкен әсерін тигізеді. Қала ішіндегі жолдарда қозғалысты қауіпсіз ету үшін жолға жауапты қызметтер тұрақты түрде мониторинг жүргізіп отырады. Жолда кем-кетіктер анықталған жағдайда оны қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі», - дейді редакцияның ресми сұрау хатына жауап берген басқарма.
Басқарманың жауабына сәйкес, жолдың өтетін бөлігінде су тұнған ұсақ шұңқырларды қалпына келтіру жұмысын автокөлік жолдары басқармасының мамандары аудан әкімдіктерінің, Астана қаласының коммуналдық қызметкерлерімен бірге бақылайды.
«Біз кешенді түрде автокөлік жолдары мен жол құрылымдарына зерттеу жұмысын жүргіземіз. Осының қорытындысы бойынша жолдың мәселелі бөліктеріндегі кемшіліктердің көзін жою жұмысы жүргізіледі. Жол бойындағы кем-кетіктерді түзеу жұмыстары келесі жылы жалғасатын болады», - деп хабарлайды басқармадан.
Сонымен қатар, әкімдік көліктердің қозғалысы үшін ыңғайлы әрі тың әдістерді ойластырып жатыр. Келесі жылы Астана қаласындағы 7 көшенің өтпесін оңға бұрылуға болатындай жөндеу туралы шешім қабылданған. Қазірге дейін 5 көше бойынша жұмыс аяқталған. Нақтырақ айтқанда, Республика мен Сейфуллин көшелерінің қиылысында оңға бұрылуға болатындай етіп қайта жасау 27 қазанда аяқталған.