Астана әкімдігі көпшілік «депутат» деп қабылдаған модельге қатысты түсінік берді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Даулы фотосуретімен қазақстандықтардың наразылығын тудырған елордалық модельдің депутат еместігі жарияланды. Бұл туралы Астана қаласының қоғамдық даму істері басқармасының басшысы Данияр Есин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Көпшіліктің талқысына түскен модель депутат емес. Өздеріңіз білесіздер, әлеуметтік желілерде Астана қаласының жастар мәслихатының депутаты деп таныстырылған жартылай жалаңаш модельдің фотосуреті қызу талқылануда. Бұл материалдар желі пайдаланушыларының әртүрлі реакциясын тудырды. «Астана қаласы жастар мәслихаты» қоғамдық бірлестігі тәуелсіз коммерциялық емес ұйым болып отыр. Сонымен қатар ол әділет органдарында үкіметтік емес ұйым ретінде тіркелген. Сәйкесінше, оның Астананың мәслихаты мен жергілікті мемлекеттік органдарға ешқандай қатысы жоқ», - деп жазды Данияр Есин өзінің Фейсбуктегі парақшасында.
Оның сөзіне қарағанда, ұйымның атауы әлеуметтік желі пайдаланушыларының арасында түсінбеушілік тудырған. Кейбіреулер аталған қызды халық қалаулысы деп ойлап қалған.
«Бұл ұйымды құру - ол жастардың жеке бір тобының бастамасы. Олар қатардағы қоғамдық бірлестікті құрды. Сондықтан желіде көпшіліктің қызу талқысына түскен қыз шын мәнінде депутат болып саналмайды», - деп нақтылады Д. Есин.
Айта кетейік, жақында әлеуметтік желілерде модель қыздың киген киімі жарияланған фотосурет қоғамдастық тарапынан сынға ұшыраған еді.