12:20, 12 Шілде 2010 | GMT +5
Астана әкімдігі мемлекеттік тұрғын үй қорынан үй алуға мұқтаж азаматтардың тізімін жариялады
АСТАНА. Шілденің 12-сі. ҚазАқпарат - Астана әкімдігі өзінің ресми сайтында мемлекеттік тұрғын үй қорынан үй алуға мұқтаж болып отырған азаматтардың тізімін жариялады.

«Сіздердің назарларыңызға тұрғын үй комиссиясының отырысы төрт санат бойынша үй берілуге мұқтаж азаматтардың жеке тізімдері бекітілгенін жеткіземіз. Сондықтан, «Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен мүгедектері» және «ескі үйлер» санатындағы әлеуметтік аз қамтылған, әлеуметтік қорғалмағандардың тізімінде тұрған азаматтар басқа тізімге бөлінді», - делінген қалалық әкімшіліктің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Сонымен қатар, Астана қаласының әкімдігі азаматтардың назарына Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары» туралы заңына сәйкес тізімде тұрған азаматтар егер де үй берілу негізі алынып тасталса, олар мемлекеттік тұрғын үй қорынан үй алуға мұқтаж азаматтардың тізімінен алынып тасталуы мүмкін екендігін жеткізеді.