Астана әкімдігі мүмкіндігі шектеулі 240 азаматты жұмысқа орналастырды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана әкімдігі мүмкіндігі шектеулі 240 азаматты жұмысқа орналастырды. Бұл жайында бүгін Астана қаласы әкімінің баспасөз хатшысы - баспасөз қызметінің жетекшісі Элвира Жүргенбаева мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгінгі таңда Астанада 20945 мүмкіндігі шектеулі азамат тіркелген. Оның ішінде 1-топ мүгедектері - 2206, 2-топта - 7828, 3-топта 7054 адам бар. Ал 18 жасқа дейінгі мүмкіндігі шектеулі балалар саны - 3857. Елордада мүмкіндігі шектеулі азаматтарға 19 арнайы жасақталған «Инватакси» көліктері тегін қызмет етеді. Бұл көмек түріне бүгінге дейін 457 адам жүгінсе, оның 147-сі балалар», - деді ол.
Әкім баспасөз хатшысының айтуынша, елордада арнайы санатқа жататын азаматтарға әлеуметтік көмек ретінде бірқатар қызмет түрі көрсетіледі. Мәселен, 2017 жылы 17200 адамға қоғамдық көлікте тегін жүру қызметі, жер үйде тұратын мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қажетті отын-сумен көмектесу, 1-2 топтағы мүгедектерге тегін тісін протездеу мүмкіншілігі берілген. Әлеуметтік тапсырыс аясында осы жылы 600-ге жуық азаматқа қажетті көмек көрсетілген.
«Астана қаласы тұрғындарын жұмыспен қамту кешенді жоспары аясында 2017 жылы мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмысқа тұрғызу шараларын күшейту қолға алынды. Нәтижесінде Астана қаласы әкімдігінің тарапынан 240 азамат жұмысқа тартылды. Бұл жұмыс әлі де қарқынды түрде жалғасуда», - деді Жүргенбаева.