14:03, 19 Қаңтар 2009 | GMT +5
Астана әкімдігі, Самұрық-Қазына» қоры және «Атамекен одағы» дағдарысқа қарсы бағдарламаны іске асыруды көздейтін меморандумға қол қойды
АСТАНА. Қаңтардың 19-ы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Бүгін елордада Астана қаласының әкімдігі, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ және «Атамекен одағы» Қазақстанның ұлттық экономикалық палатасы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Меморандум Үкіметтің, Ұлттық банктің және Қаржы нарығын қадағалау агенттігінің экономиканы және қаржы секторын тұрақтандыру туралы 2009-2010 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспарын іске асыру аясында әзірленді. Құжат Үкіметтің дағдарысқа қарсы бағдарламасының 4 бағытын, атап айтқанда қаржы секторын тұрақтандыру, жылжымайтын мүлік нарығындағы проблемаларды шешу және үлестік құрылыстағы нысандарды аяқтау, шағын және орта бизнесті қолдау, сондай-ақ инновациялық, индустриялық және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру үшін (мұның ішінде Астанадағы индустриялық паркті дамыту бар) қала әкімдігінің, қордың және палатаның бірлескен жұмысын жандандыруға бағытталған. Тараптар меморандумның барлық бағыттары, оның ішінде сатып алынатын стрестік активтер бойынша ақпарат алмасуға келісіп отыр. Сонымен қатар, қатысушылар жобаларды іске асыру барысында, атап айтқанда тисті процедуралар мен құжаттарды рәсімдеу кезінде туындаған мәселелерді шешуге жәрдемдесетін болады. Жүзеге асырылған шаралар бойынша жұмыстардың нәтижелерін бірлескен отырыстарда қарау қол қойылған құжаттағы ынтымақтастықтың тағы бір қыры болып табылады. Сонымен бірге құжатқа сәйкес, отандық кәсіпкерліктің дамуына тосқауыл болатын әкімшілік кедергілер анықталған жағдайда тараптар еліміздің заңнамасына өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы келісілген ұсыныстар әзірлеуге ниет білдіріп отыр.
Салтанатты рәсімде Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетов Меморандум әлемдік экономикалық дағдарыстың салдарын еңсеруге және елорданың қарқынды экономикалық дамуын жалғастыруға ықпал жасайтынына сенім білдірді.