Астана әкімдігі сапасыз қар тазарту туралы сынға жауап берді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Биылғы қыста қардың мол түсуіне байланысты, қалалық коммуналдық қызметтер атқаратын механикаландырылған жұмыстар тоқтаусыз жүріп жатыр.
Елорда аумағын санитарлық тазарту жұмыстары белгілі бір механизм бойынша кезең-кезеңмен жүргізіледі. «Бірінші кезең қар өте мол жауғанда қолға алынады. Тырмалы-щеткалы қондырғымен жабдықталған арнайы машиналар қарды жолдың жиегіне жинайды. Механикаландырылған жинаудың екінші кезеңінде автогрейдерлер жұмысқа кіріседі. Олар жиналған қарды жалдап үйіп тастайды», - делінген қалалық әкімдіктің сайтында.
Содан кейін табанды тиегіштердің көмегімен қар КАМАЗ-дарға артылады.
Соңғы кезеңде жиналған қар Железнодорожный кентінде, «Қосшы» ауылының маңында «Рубеж» бекетінің сыртында және Астраханка тас жолында орналасқан полигонға шығарылады.
Күшейтілген режимде жұмыс істегенде қар қала аумағындағы уақытша қоймаға арналған арнайы стансаларға шығарылады. Еске сала кетсек, соңғы 10 жылда жаумаған қар көлеміне байланысты Астана әкімдігі көшелерді қардан тазартуға бар күшін салуда.