Астана әкімдігі «ШанырақСтрой КZ» ЖШС «Ақ Жар» ТК заңға қайшы пәтерлер сатып жатқаны туралы жарнама жариялағанын ескертеді
Астана әкімдігі «ШанырақСтрой КZ» ЖШС «Ақ Жар» ТК заңға қайшы пәтерлер сатып жатқаны туралы заңсыз жарнама жарияланғаны туралы ескертеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласының әкімдігі қала тұрғындарына «Крыша.kz», «О доме.kz» сайттарында «ШанырақСтрой КZ» ЖШС Ж. Нәжімеденов және А 52 көшелерінің қиылысында орналасқан «Ақ Жар» ТК «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» заңға қайшы пәтерлер сатып жатқаны туралы ақпараттың жарияланғанын хабарлайды.
Қаланың ресми сайтының жазуынша, бұл компанияда тек зерттеу жұмыстарына тексеру жүргізуге және жобалауға берілген 2014 жылғы 2 қыркүйектегі № 197-1453 қаулы ғана бар. Сонымен қатар, аталған тұрғын үй кешенінің құрылысын жүргізуге рұқсат құжаттарының және үлескерлердің қаржысын тартуға лицензияның болмауына байланысты компанияның баспаналар сатуға құқығы жоқ.
2015 жылғы 12 маусымда тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу мәселесі жөнінде өткен Мекемеаралық комиссияның отырысында Астана қаласы әкімдігінің өкілетті органдары ҚР заңнамасымен белгіленген тәртіпте «ШанырақСтрой КZ» ЖШС басшысына тиісті шара қолдану үшін мәліметтерді Астана қаласының Ішкі істер департаментіне және Астана қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаментіне жіберуді ұсынды.
«Центр продаж №1» және «Дом в Астане» құрылыс салушыларының сату бөлімдерінің басшылары тұрғын үй кешенінің құрылысын жүргізуге рұқсат құжаттары және үлескерлердің қаржысын тартуға лицензиясы жоқ, яғни Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» заңына және Қазақстан Республикасының «Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» заңына қайшы келетін құрылыс салушылардың баспаналар сату туралы жарнамасын жариялағаны үшін жауапкершілік жүктелетіні туралы хабардар етілді.