Астана әкімдігі су алып кете беретін Момышұлы көшесі туралы: Мәселені шешеміз
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елорда әкімдігі Бауыржан Момышұлы көшесін қайта-қайта су алып кету жағдайына не себеп болып отырғанын түсіндіріп берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Құрылыс аумағы өте үлкен. 1 000 және 12 00 миллиметрлік үш коллектормен су тазарту құрылымына келеді. Тазарту құрылымының алдында барлық аудандағы суды қабылдап алатын камера бар. Осы камерадан тазарту құрылымына дейін бізде 1 000 миллиметрлік құбыр жатыр», - деді қала әкімінің орынбасары Қосман Айтмұхаметов ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында тілшілердің сұрақтарына жауап бере отырып.
Ол аталған участоктағы су іркуіштің сызбасын түсіндіріп беруге тырысты.
«Міне, су толы үш құбыр өтеді. Біз қала бойынша толықтай инпекция жүргізіп, су алып кету қаупі бар орындарды зерттедік. Мәселені анықтадық. Жобаны бастаған кезде коллектор мен камераның өзгергеніне көзіміз жетті», - дейді әкімдік өкілі.
Саланың қыр-сырын оңай түсіндіру үшін Қосман Айтмұхаметов салыстырмалы түрде мысал келтірді.
«Егер раковинаға шелекпен суды бір-ақ құйып жіберсе, ол құбыр суды бірден қабылдай алмайды. Бізде де сондай жағдай. 2019 жылға дейін барлығын ретке келтіреміз», - деп сендірді ол.
Қала әкімінің орынбасары сонымен бірге Бараев пен Уәлиханов көшелері бойынша тазарту құрылымдарының күрделі жөндеуі бойынша жобалық-сметалық құжатты әзірлеу жұмысы аяғына жеткенін мәлім етті.
«Бүгін Премьер-министр ол нысан туралы сөз қозғады. Біз осы ретте су жинаушы тоғаннан бастап күрделі жөндеу жұмыстарын бастаймыз. Бараев көшесінен бастап екі бірдей коллектор мен тазарту құрылымы салынады. Ақбұлақ бойынша жобалық-сметалық құжат дайын. Келесі жылдың соңына қарй Әсет Өрентайұлы нақты тапсырма беріп отыр. Ол бойынша Ақбұлақ тазарту құрылымы мен коллектор құрылысының күрделі жөндеуі аяқталуы керек», - деді Қосман Айтмұхаметов.