Астана әкімдігі су тасқынына қарсы кешенді жоспар әзірледі
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада су тасқынының алдын алу мақсатында «2018 жылы елорда аумағында тасқын суларды ұйымдасқан түрде өткізу бойынша кешенді жоспар» бекітілген. Бұл туралы дүйсенбі күні қала әкімінің орынбасары Қосман Айтмұхаметов аппарат жиналысында мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бүгінгі күні Майбалық көлінің маңын, Қызылсуат пен одан жоғары аумақтарды маршруттық тексеру бойынша бригада жұмыс істеуде.
«Онда көп су болады деп күтіліп отырған жоқ. Қазіргі уақытта Майбалықта 20% сыйымдылық қоры бар. Онда бүгін 60 миллион текше метр су бар. Жалпы сыйымдылығы - 82-84 миллион текше метр», - деді Қосман Айтмұхаметов.
Сондай-ақ атап өтілгендей, Алматы және Сарыарқа аудандарының жеке секторларын аралау жұмыстары жүргізілді. Бұл мәселе аудан әкімдіктерінің назарында, жағдай тұрақты.
Әкім орынбасарының айтуынша, басты көшелердегі жауын суларын ағызатын кәріз жүйелерін ашу жұмыстары басталды.