Астана әкімдігі тұрғындарды баспаналарын сатуға құқығы жоқ құрылыс компаниялары туралы хабардар етті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласының әкімдігі «Аль баракат компани» ЖШС құрылыс компаниясына қатысты мән-жайдан хабардар етті.

Астана әкімдігі тұрғындарды баспаналарын сатуға құқығы жоқ құрылыс компаниялары туралы хабардар етті

«Түсетін өтініштерге байланысты Астана қаласының әкімдігі қала тұрғындарына қазіргі уақытта «Аль баракат компани» ЖШС Астана қаласындағы құрылысы басталмаған «Тенгиз», «Токио», «Шарджа» және заңсыз құрылыс жүргізу фактілеріне тиісті қылмыстық іс қозғалуы себепті құрылыс жұмыстары тоқтатылған «Прага» тұрғын үй кешендерінде баспаналарды сатуды жалғастыруда екенін хабарлайды. Компанияның аталған тұрғын үй кешендерінің құрылысын жүргізуге рұқсат құжаттары жоқ («Прага» ТҮК және басқа) және үлескерлердің қаржысын тартуға және баспаналарды сатуға құқық беретін лицензиясы жоқ», деп хабарлайды astana.gov.kz . Қазіргі уақытта «Төленді» ТҮК («АқмолЖылуСервис» ЖШС) «Аниса» ТҮК, «Аниса 2», «Аниса 3», «Тельман» ТҮК, Тілендиев даңғылы бойындағы ТҮК, «Столичный 2» ТҮК және «Абат» ТҮК нысандарының құрылысы рұқсат құжаттарының болмауына байланысты тоқтатылған (Мемлекеттік сараптаманың қорытындылары және құрылыс жүргізуге қаулының болмауы, «Столичный 2» ТҮК-інен басқа). Сонымен қоса, бұл компанияның үлескерлердің қаржысын тартуға лицензиясы жоқ. Нысандар құрылысы рұқсат құжаттары толық дайын болғаннан кейін қайта жүргізілетін болады. Ал «Созвездие» тұрғын үй кешеніне қаражат салған инвесторлардың өтініштеріне байланысты бұл нысанды салушы «ҚазМұнайҚұрылысСервисKZ» ЖШС болып табылатынын және тұрғын үй кешенінің құрылысы рұқсат құжаттарынсыз басталғанын, баспаналарды сату үлескерлердің қаржысын тартуға лицензиясыз жүзеге асырылғанын хабарлаймыз», делінген әкімдік хабарламасында. Бұл деректер бойынша ақпарат Астана қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаментіне ҚР заңнамасымен белгіленген тәртіпте шешім қабылдау үшін жіберілді. «Сонымен қатар «ОралДизайнСтройСервис» ЖШС «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» заңға қайшы «Крыша.кz» сайтында хабарландыру орналастыру арқылы тұрғын үйлерді заңсыз сатумен айналысатынын хабарлаймыз. «ОралДизайнСтройСервис» ЖШС рұқсат құжаттарынсыз қосымша бірнеше қабатты өз бетінше салған. Қолда бар ақпаратқа сәйкес, тұруға жарамды бос орындар жоқ. Осыған орай, «ОралДизайнСтройСервис» ЖШС директоры Қ.Жұмабековқа қатысты алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта тұрғын үйдің құрылысы тоқтатылды. Тергеу жұмыстарының қорытындысы негізінде құрылысты жалғастыру бойынша шешім қабылданатын болады», делінген Астана қаласы әкімдігінің мәліметінде. Астана қаласының әкімдігі қала тұрғындарына тұрғын үй алу кезінде ҚР Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңын және тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы заңды негізге ала отырып, келісімшарт жасауға кеңес береді. Тұрғындардан бұл мәселеге қатысты барлық сұрақтар бойынша әкімдіктің «astana.kz» сайтына хабарласулары сұралады.