Астана әкімдігі тұрмыс қалдықтарын уақытылы шығарылмауы туралы қауесетті жоққа шығарды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Әлеуметтік желілерді пайдаланушылар Facebook парақшасында Астана аумағында қатты тұрмыстық қалдықтардың уақытылы шығарылмайтындығы жөнінде жалған ақпарат таратқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат Астана қаласы әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.
Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев тұрғындардың сыни пікіріне тез арада назар аударып, факт бойынша табиғат ресурстары басқармасы, Алматы ауданының әкімдігі, қоғам денсаулығын бақылау департаменті және табиғатты қорғау полициясы өкілдерінен құралған комиссия құрды.
Олар көрсетілген мекен жайға барып, тексерді. Аумақты зерттеу барысында қоқыстың уақытылы шығарылмайтыны туралы факт дәлелденбеген. Комиссия зерттеу кезінде қоқыс жәшіктерінің алаңы көрсетілген фотосурет бір апта бұрын түсірілгені белгілі болды.
Қатты қалдықтарды шығару бойынша мәселенің жоқтығы анықталды. Бұл аумаққа қоқыс шығарушы мекеме «Clean city NS» ЖШС жауап береді. Кәсіпорынға ТҚҚ тазалау жұмыстарын күшейту жүктелді. Бұған қоса, қала басшысы рұқсат етілмеген жерлерде қоқыс үйінділері пайда болмас үшін бағыттарға қайта баруға қосымша кезекші қоқыс шығаратын көліктер ұйымдастыруды талап етті.
Сонымен қатар, қалдықтарды шығаруға жауапты мекемелерге өз жұмыстарын оңтайландыруды, ал әкімдікке бақылауды күшейтуді тапсырды. Қала басшылығы тұрғындарды ТҚҚ уақытылы шығарылмаған жағдайда әлеуметтік желілердегі Астана әкімдігінің ресми сайттарына хабарлауға шақырады.
Күнделікті Астана қаласы аумағындағы қалдықтарды жинауға жетпіс бірлік қоқыс шығаратын көлік және 350 жұмыскер жұмылдырылған. Тәулігіне елордадан қалалық полигонға 1200 тонна қалдық шығарылады.