Астана әкімдігі үлескерлік құрылыстың проблемалық нысандарын бақылауда ұстауда - Ә.Жақсыбеков
egov.kz порталындағы интернет-конференция барысында Астана әкіміне құрылысы созылып кеткен «Шығыс» ТК жөнінде көптеген өтініштер түсті. Оны «KaontechInternational» ЖШС салуда.
Үлескерлер қала әкімінің жағдайды тікелей бақылауына алып, құрылыс компаниясын адал емес құрылысшылар тізіміне қосуды өтінді. Өздерінің ақшаларын үлеске салған азаматтар бұл кешен қашан берілетініне алаңдаулы.
«Бүгінгі күні «Шығыс» ТК №16, 16/1 үйлерінің 1-ші кезегіндегі 1Б тобы мемлекеттік қабылдау комиссиясының актісімен пайдалануға берілді. «Шығыс» ТК қалған бөлігінің аяқталуына қатысты қазіргі кезде апта сайын ведомствоаралық комиссияда нысан құрылысының аяқталуы мәселесі қаралуда. Отырыста құрылысты аяқтау үшін қолға алынып жатқан шаралар туралы ақпарат тыңдалуда. Бұл мәселе әкімдіктің тұрақты бақылауында», - делінген жауапта.
Құрылыс салушы үлестік құрылыс қатысушыларының ақшасын тарту есебінен тұрғын үй құрылысын ұйымдастыру қызметіне лицензия алуға өтініш бермегені атап өтілді.
«Астана қаласының әкімдігі азаматтық-құқықтық қатынастар шарты тарабы болып табылады, сондай-ақ нысандарды бюджет қаражаты есебінен аяқтау мүмкіндігін қарастырмайды», - деп хабарлады Ә.Жақсыбеков.
Қала басшысы өздерінің құқықтарын сот арқылы қорғауға немесе құқық қорғау органдарына жүгінуге кеңес берді.
Сұрақтарға жауаптардан белгілі болғандай, Астана әкімдігі сондай-ақ «Территория комфорта-1», «Жеті жол», «Жағалау», «Азбука жилья» тұрғын үй кешендерінің үлестік құрылыстары проблемалық нысандарындағы жағдайды бақылауда.
«Территория комфорта-1» ТК үлескерлеріне жаңа инвестор - «ИСК ASI» ЖШС-ны ұсынды, ол егер үлескерлер «Территория комфорта-1» ТК орналасқан №34 көшедегі жер телімінің бір бөлігіне меншік құқығын берген жағдайда барлық үлескерлерді (соның ішінде 285-і - «1-Астана» ТК тұрғын үй-кооперативінің мүшелерін) пәтермен қамтамасыз етуге әзір Бүгінгі күні «Территория комфорта-1» ТК үлескерлік құрылылысы қатысушыларынан 170 өтініш тіркелді, олар жаңа инвесторға көшуге тілек білдірді. Екінші «Жағалау» ТК ТҚК құрылды», - деп түсінік берілген жауапта.
«Жеті жол» ТК бойынша, жаңа инвестор тарту мәселесі қаралуда. «Азбука жилья» компаниялар тобына қатысты қылмыстық іс тергелуде.