Астана әкімдігі жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған аймақтық бағдарламаны да қабылдай алмай отыр - прокуратура
АСТАНА. 19-шы қазан. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Елордада биылғы жылы көліктердің жаяу жүргіншілерді қағып кету жағдайлары 166 рет орын алған. Ал қала әкімдігі жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған аймақтық бағдарламаны да қабылдай алмай отыр»,-
дейді Астана қалалық прокуратурасының Әлеуметтік, экономикалық саладағы заңдылықтарды қадағалау басқармасының прокуроры Сабыржан Оңалбаев. Бұл туралы ол бүгін журналистермен болған брифингте мәлім етті.
Прокурордың мәліметтеріне жүгінсек, Қазақстан Республикасының «Жол қауіпсіздігі туралы» заңына сәйкес, қала әкімдігі жол-көлік оқиғаларының алдын алу мен жаяу жүргіншілердің және көліктердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын үйлестіріп отыратын аймақтық бағдарлама қабылдауы қажет болатын. Өкінішке орай, қала әкімдігі аталмыш құжатты бекіту былай тұрсын, оны тіпті дайындамаған да. «Осы ретте айта кететін мәселе бағдарламалық-мақсатты құжаттар негізінде жүзеге асырылмаған жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесі кешенді түрде жүргізілмеген болып есептеледі. Оның үстіне бұл жағдай әрі жергілікті атқарушы орган қызметінің іс-әрекеттерін үйлестіретін тиімді тетіктердің жоқтығын көрсетеді. Сөйтіп ол Автомобиль жолдары мен жолаушылар көлігі басқармасының қызметін жоққа шығарады», - дейді С.Оңалбаев.
Оның айтуынша, кез-келген ұжымның қызметі оны жоспарлаудан басталады. Ал Жол қозғалысын ұйымдастыру бөлімі жұмыстарының жоспары формальды түрде жасалған. Онда тек жолаушыларды тасымалдау саласындағы мемлекеттік сатып алулар мен жол белгілерін салу сияқты мәселелер ғана қамтылған. «Ал қала жолдарының проблемалық учаскелерін белгілеу, жол полициясы мен көліктік бақылау саласымен жүргізілетін жұмыстар назардан тыс қалған», - деді прокурор.