Астана әкімі «Алтын белгі» иегерлеріне төсбелгі тапсырды - ФОТО
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін елордадағы «Қазақ елі» алаңында Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетов ҰБТ қорытындысы бойынша өздерінің білімін дәлелдеген 92 «Алтын белгі» иегеріне төсбелгі тапсырды.
«Күні кеше өткен Ұлттық бірыңғай тестіні қаламыздан 3252 оқушы тапсырып, оның ішінде 1 081 баланың әрқайсысы жүзден жоғары балл жинады. Мұның өзі - үлкен көрсеткіш, зор мақтаныш. Сіздер көрсеткен бұл жетістік өздеріңізден кейінгі іні-қарындастарыңыздың ынтасын оятып, «мен астаналық оқушымын» деген сезіміне серпін беретін үлкен үлгі, мақтан тұтар өнеге. Өз басым сіздердің әлемнің озық көшінен қалмай, уақыттың талабынан талмай, талай табыстың биігінен көрінетіндеріңізге кәміл сенімдімін!» - деді қала әкімі.
Айта кетейік, 2013-2014 оқу жылын Астана мектептерін 4042 оқушы тәмамдады. ҰБТ кезінде 3 оқушы 124 балл алды. Жалпы оқу жылының қорытындысы бойынша 362 оқушы бірқатар шет мемлекеттерде өткен халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар байқауына қатысып, 234 медаль иеленді. Сонымен қатар 158 оқушы жалпы орта білім пәндері бойынша Республикалық олимпиадалар мен Республикалық ғылыми жобалар байқауына қатысты. 85 қатысушы жүлдегер атанып, медальмен марапатталды.