Астана әкімі «Астана-Орманы» ЖШС ұжымына автобус кілтін табыс етті

АСТАНА. 29 маусым. ҚазАқпарат - Елорданың туған күні қарсаңында Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов әкімдіктің үздік құрылымдық бөлімшелеріне сыйлықтар тарту етті.

Астана әкімі «Астана-Орманы» ЖШС ұжымына автобус кілтін табыс етті

Бұл туралы шаһар басшысының баспасөз қызметінен хабарлады.

Рейтингтің қорытындысына сәйкес «Үздік аудан» аталымын «Алматы» ауданы жеңіп алды. И.Тасмағамбетовтың айтуынша, ұжымның табыстылығына абаттандыру бойынша қойылған міндеттерді шешу бағытында аудандық әкімдіктің барлық қызметкерлерінің атқарған үлкен жұмысы әсер етті.

Тұрғын үй басқармасы үздік мемлекеттік орган атанды. Әкімнің сөзіне сүйенсек, басқарма баспанаға зәру азаматтарды қамтамасыз етудің қиындығына және жауапкершілігіне қарамастан, аталмыш жұмысты сәтті әрі нәтижелі орындауда.

Елбасының бас қаланың айналасында «жасыл белдеу» құру тапсырмасын орындаудағы елеулі жетістіктері үшін «Астана-Орманы» ЖШС қалалық кәсіпорындардың арасында үздік танылды.

«Алматы» ауданы әкімдігінің және тұрғын үй басқармасының барлық қызметкерлеріне сыйақы табысталмақ. Ал «Астана-Орманы» ЖШС ұжымына автобус кілті тарту етілді.

Құрылымдық бөлімшелер қызметін бағалау барысында бюджеттік қаржыны және қызметкерлерді басқару бойынша жұмыстың нәтижелілігі, құжат айналымын ұйымдастыру, ақпараттық технологияларды кәдеге жарату, жоғары мемлекеттік органдардың тапсырмаларын орындау секілді көрсеткіштер назарға алынды.