Астана әкімі ауруханалардағы жағдайды ретке келтіруді тапсырды
Қала тұрғындарынан шағымдардың көп түсуіне байланысты Астана әкімі №1 қалалық балалар ауруханасында көшпелі отырыс өткізді. Отырыс барысында ауруханаларға көліктердің кіре алмауы, мекемеге апаратын жаяу жүргіншілер жолдарының жағдайы, осы аудандарда жылы аялдама павильондарының болмауы және т.б. мәселелер қаралды.
Елорда басшысы Әсет Исекешев «Алматы» ауданының әкімдігіне қаржы қарастырып, №1 қалалық аурухананың орталық ауласын абаттандыруды, аз уақыттың ішінде әлеуметтік нысандардың (ауруханалар, мектептер, балабақшалар, колледждер, университеттер және т.б.) аумағындағы жаяу жүргіншілер жолдарына, тротуарларға қоспалар себу жұмыстарын жүргізуді; ү.ж. 12 желтоқсанына дейін әлеуметтік нысандар аумағын санитарлық тазарту және осы сияқты мәселелерді анықтау бойынша тексеру жүргізуді; елордалық Ішкі істер департаментіне әлеуметтік маңызды нысандардың жанында жол белгілерін қою сызбасы мен логистикасын қайта қарауды тапсырды.
«Қалалық қызметтердің барлық күші елорда тұрғындарына жайлы жағдай жасауға бағытталуы керек», - деді әкім.