Астана әкімі әйелдерді 8 наурыз мерекесімен құттықтады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбеков нәзік жандыларды мерекелерімен құттықтады. Бүгін салтанатты шарада әкім аппаратының қызметкерлеріне құрмет көрсетілді, деп хабарлады қалалық әкімдіктің баспасөз қызметінен.
- Ардақты ханымдар, сіздер жақсылықтың, жылулықтың, нәзіктік пен махаббаттың нышанысыздар. Балалардың тәрбиесі, үйдің береке-бірлігі сіздердің арқаларыңыз. Осының бәрін сіздер қызметпен оңай ұштастыра аласыздар, сіздер әрдайым сұлу және сүйкімдісіздер, - деді құттықтау сөзінде қала әкімі. Әділбек Жақсыбеков елорданың дамуына қосқан сүбелі үлестері мен күнделікті табанды еңбектері үшін әйелдер қауымына ризашылығын білдірді. - Қаламызды көркейтіп жатқан сіздердің жұмыстарыңызға зор сенім білдіріп, алғыс айтамын. Көктемнің осы шуақты күнінде сіздерге мықты денсаулық, барлық бастамаларыңызға табыс, отбасыларыңызға береке тілеймін, - деді әкім. Астана қаласы әкімінің аппаратында 517 әйел қызмет атқарады, олардың 189 басқарушы қызметте, 328 - мамандар. Оларды құттықтауға осы күні нәзік жандыларға гүл шоқтары мен музыкалық сыйлықтар жасаған әкімдіктің барлық ер азаматтары жиналды.