Астана әкімі Айман Мұсақожаеваны «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын алуымен құттықтады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астана әкімі Әділбек Жақсыбеков атақты скрипкашы Айман Мұсақожаеваны «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын алуымен құттықтады. Бұл туралы елорда әкімдігінң баспасөз қызметінен хабарлады.
«Айман Қожабекқызы, сіз Президенттің елорданы ауыстыру бойынша бастамасын қолдап, Астанаға бірінші болып келген мәдениет қайраткерлерінің бірісіз. 1998 жылы Астанада Музыка академиясының негізін қалап, оның ректоры бола тұра, осы күнге дейін талай талантты музыкант пен композитордың жұлдызын жақтыңыз. Сіздің ерен еңбегіңіз лайықты бағасын тауып отыр», - деді Астана әкімі.
Өз кезегінде А. Мұсақожаева Ә. Жақсыбековке тұрақты қолдауы мен елорданың рухани ортасын дамыту мен қалыптастыру бойынша бірлескен жұмысы үшін алғысын білдірді.
Айман Мұсақожаева - ҚР халық әртісі, Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры, Астананың құрметті азаматы, ҚР мемлекеттік сыйлығының және «Қазақстанның Еңбек Ері» атағының иегері, халықаралық байқаулардың лауреаты. Айман Мұсақожаеваның есімі «ХХ ғасырдың 2000 көрнекті музыканты» атты дүниежүзілік құрметті тізімге енгізілген.