Астана әкімі елордалық мектеп бітірушілерді құттықтап, 75 түлекке «Алтын белгі» табыс етті
АСТАНА. 21 маусым. ҚазАқпарат - Бүгін Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетов «Қазақ елі» монументі алдындағы алаңда Ұлттық бірыңғай тестілеу барысында өз білімдерін дәлелдей алған 75 елордалық түлекке «Алтын белгі» табыс етті.
«Бүгін баршамыз үшін - ерекше күн. Ата-ана үшін бауыр еті - балапанының қанат қаққан, ұстаз үшін маңдай тері - шәкіртінің үкі таққан тамаша сәті. Ал бүкіл ел үшін - азаматқа үміт артқан тарихи мезет. Қуаныштарыңыз құтты болсын қадірлі ағайын! - деп бастады сөзін қала басшысы. - Білім беру - қашан да ата-ананың бала алдындағы қастерлі қарызы, тұтас қоғамның ұрпақ алдындағы қасиетті парызы. Ал білім алу - ертеңінің еңселі болғанын қалайтын қай жанның да жүрекке түйген борышы. Десе де, бұл өмірде білімді де жалынды жасты биікке жетелейтін ұлы құдырет бар. Ол - арман. Армансыз адам жоқ. Біздердің - ұстаздар мен ата-аналардың арманы - ұл-қыздарымыздың азамат атанып, туған елдің абыройы ғана емес, күллі адамзаттың ақыл-ойы болғанын көру. Сіздердің - жас түлектердің арманы - берекелі де баянды бақ, мазмұнды да мағыналы болашақ. Оның өзі - тұзы жеңілге емес, тұғыры биік, талабы кеңге, білімі терең, еңбегі көпке ғана бұйыратын дүние. Ол үшін ілім мен білім жолындағы тынымсыз талпыныс пен үздіксіз ізденіс қажет. Бұл біздің бүгінгідей жаңалығы желмен жарысқан, ой-өрісі ғарышпен таласқан заңғар заманның басты әрі бірегей талабы. Осыны естен шығармағайсыздар!».
Сондай-ақ қала басшысы осынау сезімді сәтті елдігіміздің қасиетті ордасында, қаламыздың өсиетті ортасында «Қазақ елі» алаңында қарсы алып тұрғандарын баса айтып, мұның өзі - үлкен мәртебе, зор қуаныш екендігін жеткізді.
«Болашақ білімде десек, сол білімнің бел ордасы болу да біздің қаламыздың еншісінде. Күні кеше өткен Ұлттық бірыңғай тестіде жалпылай емес, жалқылай алсақ, қаламыздан 75 бала «Алтын белгі» тағып, ақжолтай үмітті ақтап шықты. Бұл жақсы көрсеткіш. Десе де, «өмір - өзен, тағдыр - теңіз» деген. Басқаша айтқанда, «өмір өз ретімен, ал тағдыр қашанда тауқыметімен» болмақ. Сіздер бүгін өмірдің алғашқы межесінен өттіңіздер. Ендігі тағдыр өз қолдарыңызда. Өз басым бұл мақсат-міндеттің де үдесінен шығып, табыс биігіне ту тігетіндеріңізге кәміл сенімдімін», - деді И.Тасмағамбетов.