Астана әкімі халықаралық байқаудың жеңімпазын құттықтады
АСТАНА. ҚазАқпарат - 7 жылдан бері скрипка өнерін меңгеріп келе жатқан Руслан Тұрынтаев жуырда жас скрипкашылар арасында өткен халықаралық байқауда үздік атанды. Бүгін елорда әкімі Иманғали Тасмағамбетов жас музыкантты осы жеңісімен құттықтады, деп хабарлайды astana.kz.
«Табысқа жету үшін қажырлы еңбек ету керек. Ештеңе де жайдан жай болмайды. Ал сенің талабың зор. Сондықтан, алға, Руслан», - деді Иманғали Тасмағамбетов.
Он бес жасар скрипкашы бәсекелестерінің осал болмағанын, бірақ, Астанаға тарту жасау үшін бар күшін салғанын айтты.
Руслан бүгінде П.И.Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясы жанындағы Орталық музыка мектебінде шеберлігін шындап жүр.