Астана әкімі халықтың өтініштері мен шағымдарын жеке бақылауына алмақ
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астана қаласының әкімдігінде қала басшысы Әділбек Жақсыбековтің төрағалығымен аппараттық кеңес өтті. Кеңес барысында әкім қаладағы ағымдағы жағдай бойынша есепті тыңдап, проблемалық және әлеуетті мәселелерге тоқталды, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.
- Мемлекет басшысы алдымызға ауқымды әрі күрделі міндеттер қойды. Олар экономикалық өсімге, елорданың инвестициялық климатын жақсартуға серпін береді. Бұл құрылыс, көлік және басқа да маңызды салаларға, соның ішінде энергия тиімділігін арттыруға бағытталған салаларға қатысты, - деді Ә. Жақсыбеков.
Аталған мәселе «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізу қарсаңында аса өзекті. Бүгінде Астананы ел ордасы, Еуразияның географиялық орталығы ретінде ғана емес, сондай-ақ «жасыл экономиканы» дамытуға бет алған технологиялық, ғылыми, «ақылды» қала ретінде де таныстыру керек.
Жаңа міндеттерді жүзеге асыру үшін барлық қалалық құрылымдар жұмылып жұмыс істеу керек.
- Сіздердің әрқайсыларыңыз Астананы дамытудың ортақ, жаһандық мақсатын, тұтастай жағдайды көріп, өзара қалай әрекет ету керегін түсінуге тиіссіздер. Апта сайын өткізілетін осындай жиналыстар сол үшін қажет, - деді әкім.
Қала басшысы коммуналдық қызметтердің жұмысын жақсарту жөніндегі мәселелерге баса назар аударды. Бұл ең алдымен қар тазалауға, қаланы жылу мен электр энергиясымен қамтуға қатысты.
Әкім Астана әкімдігінің ресми сайтындағы «Виртуалды қабылдау», «Халықтық бақылау» айдарларына және «051» қызметіне келіп түскен өтініштер мен шағымдарды жеке бақылауына алды. Қала әкімі орынбасарлары мен аудан әкімдеріне бірінші кезекте азаматтардан келіп түскен арыз-шағымдарды тиісті шешімін тапқанша назарда ұстауды тапсырды.