Астана әкімі И.Тасмағамбетов Әлемдегі темекімен күрес жолындағы бас қайраткерлердің қатарына кірді - ДДҰ
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Дүниежүзілік ұйымның аталған сыйлығы И. Тасмағамбетов Алматы қаласының әкімі болып қызмет атқарған кезде 2005-2011 жылдарға арналған «Алматы - темекі түтінінен арылған қала» атты бағдарламаны бекітіп, осы бағытта үлкен шараларды атқарғаны үшін беріліп отыр.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бұл марапаты жылына тек 6 адамға ғана беріледі. И. Тасмағамбетовтен бөлек, бұл сыйлыққа Норвегия ханазадасы және Дания ханшайымы -сынды тұлғалар номинанттар атанған. Сыйлық ТМД елдері аймағында тұңғыш рет Астана әкімі И. Тасмағамбетовке берілді.
«Біз Иманғали Тасмағамбетов мырзаның темекіге қарсы жұмысын, оның осы істегі жетекшілік рөлін ерекше бағалаймыз. Осы шаралар қалалық деңгейден шығып, бүкіл елге таралатынына сенімділік білдіреміз», дейді ДДҰ Еуропа бюросының басшысы Манфред Хьюбер.
Алматылық бағдарламаның жетістіктері айқын. Қолға алынған шаралардың нәтижесінде, темекі шегу деңгейі жасөспірімдер арасында 4,5 пайызға, медицина қызметкерлері арасында 15 пайызға төмендеген. Сонымен қатар аталған бағдараламаның негізінде темекімен күресуші үкіметтік емес ұйымдардың желісі құрылып, ТМД елдерінде жоқ арнайы темекі никотинінен емдейтін стационар ашылды.