Астана әкімі И.Тасмағамбетов елордалық әрбір мектептің дербес сайты болуын тапсырды

АСТАНА. Тамыздың 24-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов қазанның 1-іне дейін елордалық әрбір мектептің дербес сайты болуын тапсырды,

Астана әкімі И.Тасмағамбетов елордалық әрбір мектептің дербес сайты болуын тапсырды

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қала әкімі И.Тасмағамбетовтің сөзіне қарағанда, мектеп сайттарын құру - жеке оқушының шығармашылығы үшін креативті даму құралдарының бірі болып табылады. «Сайт мектепішілік ара-қатынастың ортасы болады. Жаңалықтар лентасы ересектер мен балалар ұжымдарының шежіресі мен күнделігі бола алады. Сондай-ақ онда мектептің тарихын, өтіп жатқан іс-шаралар мен күнделікті жаңалықтарды орналастыруға болады», - деді ол.

Елорда басшысының айтуынша, әлемдік ғаламторда мектеп сайттарын құру алдымен, баланың зерттеуге ұмтылысын арттырады, ал педагогикалық ұжымның ата-аналармен ара-қатынасын жақындата түсіреді. Мектеп сайтында жеке сыныптар, оқушылар мен ұстаздар дербес беттерді ашып, өзара және мектептер арасында сұхбат жүргізіп, ақпараттар алмасуға мүмкіндік алады.

И.Тасмағамбетовтың айтуынша, әрбір мектепте әлемге танымал www.odnoklassniki.ru сайты негізінде дербес порталдарды жасап шығара алатын бағдарлаушы оқушылар аз емес және оқыту-тәрбие үрдісіне енгізілгелі отырған бұл жаңашылдық қосымша қаражатты қажет етпейді.

Елордалық мектептердің дербес сайттарының таныстырылымы алдағы қазанның 1-і күні жасалатын болады. Ал «Мектептің ең үздік сайты» байқауын «Үздік жыл мұғалімі» дәстүрлі байқауы шеңберінде өткізу жоспарлануда.