Астана әкімі И.Тасмағамбетов елордалық ұстаздарды кәсіби мерекелерімен құттықтады

СТАНА. Қыркүйектің 30-ы. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бүгін Астанадағы Конгресс-Холл сарайында Ұстаздар күніне арналған салтанатты жиын өтті. Елордалық мұғалімдерді кәсіби мерекелерімен қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов құттықтады.
None
None

«Ұстаз! Осы бір сөздің түбінде - қаншама киелі құдірет, ұлағатты ұғым жатыр. Адам баласы не замаман бері жаңаны үйреніп, ғалымды игері, білімді тоқумен келеді. Қай кезеңде болмасын тәлім мен тәрбие беру - ең ұлы мұрат. Бұл орайда, оқушы зердесін осынау асылды дарытушы, білімнің бағдары, ұрпақтың бағбаны ол ең алдымен - мұғалім. Ендеше, мұғалімдер күні - орны бөлек, дәрежесі биік, ең ұлық та ұлағатты мереке. Олай болса барша ұстаздар қауымын осынау мерейлі мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын», - деді құттықтау сөзінде Астана қаласының басшысы.

Әкім атап көрсеткендей, бүгінде Астана қаласында жас ұрпаққа білім мен өнегелі тәрбие беру ісімен 8 мыңнан астам ұстаз айналысады. Жоспарлы түрде және кезең-кезеңімен ұстаздардың жалақысы мен баспана мәселелері шешіліп келеді. Мәселен, 2010 жылы республикалық бюджет шеңберінде олардың жалақысы 25 пайызға көбейді. Келер жылы мемлекет мұғалімдерді жалақысын тағы 30 пайызға арттыру міндетін орындайды.

«Сонымен қатар, Елбасының тапсырмасына сәйкес өткен жылы арендалық тұрғын үй қорынан 155 ұстазға пәтер берілді. Тұрғын үй мемлекеттік бағдарламасы бойынша 582 ұстаз, тамыз айында білім беру саласы қызметкерлерінің жиналысында тағы 10 мұғалім баспана кілттерін алды», - деді.

Салтанатты жиналыс барысында И.Тасмағамбетов, әртүрлі аталымдар бойынша жыл сайын өткізілетін байқаудың жеңімпаздарын марапаттады. Мәселен, №60-шы мектеп-лицей «Жылдың таңдаулы мектебі» деп танылды. Мектеп ұжымына қала әкімінің 750 мың теңге көлеміндегі гранты мен ауыспалы Кубок тапсырылды. Сонымен бірге, Астана қаласының интеллектуалдық элитасын қалыптастыруда орасан зор жетістіктерге жеткені үшін, осы білім ордасының 10 үздік мұғалімінің ай сайынғы жалақысына 50 пайыз қосымша үстеме қосылды.

Сондай-ақ, 750 мың теңге көлеміндегі сыйақыны «2010 жылдың ең үздік балабақшасы» атанған - №29-шы «Ақ қайың» балабақшасы алды.

«Ең үздік кәсіптік колледж» атанған Экономика, технология және тағам өнімдерін стандарттау колледжі, «Қосымша білім беретін ең үздік мекеме» атанған №1-ші балаларға арналған музыкалық мектеп пен «Ең үздік арнайы білім беру ордасы» аталымында жеңіске жеткен Арнайы түзеу мектеп-интернаты да сыйлықсыз қалмады.

Ал салтанатты жиынның ең бағалы сыйлығы - пәтер кілті «Жыл мұғалімі 2010» байқауының жеңімпазы - №38-ші мектеп-лицейдің жоғары санаттағы ұстазы Сәуле Әзімхановаға бұйырды.

Соңғы жаңалықтар