11:49, 29 Қаңтар 2009 | GMT +5
Астана әкімі И. Тасмағамбетов үшемнің ата-анасына пәтер кілтін тапсырды
АСТАНА. Қаңтардың 29-ы. ҚазАқпарат – Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетов кеше, сәрсенбі күні осы жылы қаңтардың 8-інде үшемді болған Бекжан Оңтаев пен Айгүл Сырманованың отбасына 3 бөлмелі пәтер кілтін тапсырды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат Астана әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. «Үйдің іші толған қуаныш болсын! Үйдің әрбір қонысы, қуыс-қуысы қуанышқа толы болсын. Мінеки, үш нәресте, үлкен апасы бар, олардың бәрі ойнап, күліп, өсіп, ертең мына біздің ата шаңырағымызды, өздеріңізді қуанта жүрсін. Құтты болсын бәрі, ұзағынан сүйіндірсін!» - деді әкім үшемдердің ата-анасына арнаған тілегінде.Әкім Астанада мұндай үшемдердің дүниеге келуі бірнеше жыл бойы кездеспегенін атап өтті.Өз кезегінде сәбилердің әкесі барлық жастарды Қазақстандағы демографиялық жағдайды жақсартуға үлес қосуға шақырды. Сәбилерді анасы №1 перзентханада босанды, ал қаңтардың 12-сінен бастап олар №1 балалар емханасына ауыстырылды. Онда сәбилер дәрігерлердің қарауымен салмақ жинады.Қазіргі уақытта Бекжан уақытша жұмыссыз. Мамандығы - заңгер. Ал Айгүл үй шаруашылығында. Олар жаңа туған Саят, Жанат және Аяттан өзге 3 жасар Жанерке есімді қыздарын тәрбиелеп отыр. Бекжан мен Айгүл Астанаға Петропавл қаласынан 2008 жылы көшіп келген. Олар бүгінгі күнге дейін кішкентай қызымен жалдамалы пәтерде тұрып келген.