Астана әкімі И.Тасмағамбетовтың төрағалық етуімен 7-нші Қысқы Азия ойындарына дайындық мәселелері бойынша кеңейтілген кеңес өтті
АСТАНА. 15 желтоқсан. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Астана қаласы әкімдігінде елорда басшысы Иманғали Тасмағамбетовтың төрағалық етуімен 7-нші Қысқы Азия ойындары мен Алау эстафетасын ұйымдастыру және өткізу мәселелері бойынша кеңейтілген кеңес өтті.
Оған Ойындарды ұйымдастыру комитеті атқарушы дирекциясының, Алау эстафетасы дирекциясының, сондай-ақ Азиада дайындығына жауапты құзырлы қалалық құрылымдардың басшылары қатысты.
Кеңесте ЕҚЫҰ Саммитін ұйымдастыру кезінде қаланың жинаған тәжірибесін Азия ойындарында пайдалану мәселесі талқыланды. Қонақтарды күту және орналастыру, логистика мен қауіпсіздік - дайын сызбалар бойынша өткізілетін болды.
«Біз ЕҚЫҰ Саммитін ұйымдастыру кезінде мол тәжірибе жинадық. Жұмысымыз тиімділігін көрсетті. Сондықтан оның бәрін Азиадада қолданылуымыз керек», - деп атап өтті И.Тасмағамбетов.
Жиналыс барысында ойындарға дейін қалған 47 күнде күшейтілген жұмыстар жүргізілуі тиіс негізгі төрт бағыт анықталды. Олардың біріншісі, жалпы ұйымдастыру мәселелерін қамтиды. Атап айтқанда, Азия Олимпиадалық кеңесі атқарушы комитетінің отырысын өткізу, меймандарды әуежайда күтіп алу, welcome-салтанатты шаралар барысында оларды қарсы алу, қонақ үйлерге орналастыру, қаланың сыртқы келбетін дайындау, баспасөз орталығының жұмысын ұйымдастыру, билеттерді сату.
Екінші бағытына - Ойындардың салтанатты ашылу рәсімі, келесіне - спорттық ойындарды ұйымдастыру және Алау эстафетасын өткізу мәселелері енді.