Астана әкімі кәріз құдықтарын күнделікті тексеруді тапсырды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана әкімі кәріз құдығына құлап қайтыс болған Аружан Маратованың туған-туысқандарына көңіл айтты. Әкімдікте айыптылардың өз жазасын тартатындығы айтылды, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.

Астана әкімдігі Аружан Маратованың туған-туысқандарына көңіл айтуда.

«Қала басшылығы Аружан туыстарына қолдан келгенше көмек көрсетеді. Бұл оқиға қала әкімі Бақыт Сұлтановтың ерекше қадағалауында. Полиция департаментіне кінәлілерді анықтап, жазалау тапсырылды», деп айтты Астана әкімінің баспасөз хатшысы Эльвира Жүргенбаева.

Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде. Тергеу нәтижелері туралы қосымша хабарланатын болады.

Аружан Маратова сенбі, 24 қарашада хабар-ошарсыз кеткен болатын. Оның жансыз денесіз келесі күні табылды. Ол ашық тұрған кәріз құдығына құлап кетіп қайтыс болған. Денені шығаруға орталық аймақтық аэромобиль құтқару жасағының қызметкерлері қатысты. Қайғылы оқиғаға байланысты Астана әкімі Бақыт Сұлтанов осындай жағдайдың алдын алу мақсатында барлық қалалық қызметке барлық кәріз құдықтарын күнделікті қадағалап отыруды тапсырды. Қазіргі кезде қалада шамамен 65 мың құдық бар.

«Өкінішке орай, күн суытқалы кәріз құдықтарының қақпағын ұрлау жиілеп кетті. Олар бөлінген күйде түрлі түсті металл қабылдайтын орындардан табылып жатады. Аталмыш факті бойынша да полиция департаменті тиісті жұмыстарды жүргізіп жатыр», -  деді Э. Жүргенбаева.

Осы айдың өзінде 109 жедел номеріне қала тұрғындарынан 356 қоңырау түскен. 1 мыңға жуық ашық кәріз құдықтарын қалалық коммуналды қызметтер анықтаған болатын. Анықталған барлық ашық құдықтар бірден жабылады.

Тек соңғы аптаның өзінде ашық қалған құдықтар бойынша 109 қызметіне 214 хабарлама түскен. Полицейлер кейде бір құдықтың ашық жатқаны туралы хабарламаның бір айда бірнеше рет келетінін айтады.

Әр өтінім бойынша полиция қызметкерлері тиісті жұмыс жүргізеді. 

«Қала әкімі кәріз құдықтарының қақпағын ұрлауға жол бермейтін жүйелі шаралар қолдануды, атап айтқанда құлпы бар берік қақпақтарды орнатуды тапсырды», - деді Э. Жүргенбаева.

Қала басшылығы тұрғындардан ашық жатқан кәріз құдығын, не құдық маңында жүрген күдікті жандарды көрген жағдайда, немқұрайлылық танытпай, 109 қызметіне хабарлауды сұрайды.

Соңғы жаңалықтар