Астана әкімі күзгі-қысқы жылу беру маусымын қорытындылады

АСТАНА. 17 сәуір. ҚазАқпарат - Астанада күзгі-қысқы жылу беру маусымы аяқталды. Осыған орай бүгін, қала әкімі Иманғали Тасмағамбетовтың төрағалық етуімен кеңес өтіп, жылумен қамтамасыз ету қызметтерінің есептері тыңдалды.

Астана әкімі күзгі-қысқы жылу беру маусымын қорытындылады

2011-2012 жылдарғы жылу беру маусымына әзірлік жұмыстарын жүргізу үшін арнайы қалалық штаб құрылып, 7 қазанда жылыту маусымы басталды.

 Штабтың мәліметтеріне сәйкес, жылу беру маусымының басына тұрғын үйлер мен білім, мәдениет және денсаулық сақтау нысандары 100 пайызға дайын болды.

 «Астана Энергия» АҚ қаланы жылумен қамтамасыз ету үшін алты айда 1-ші және 2-ші ЖЭО-ларда 1 млн. 948 мың тонна көмір (немесе 29 969 вагон) және 27 мың 996 тонна мазут (немесе 466 цистерна) жұмсады. Жылу энергиясын жіберу көрсеткіші 4 млн. 154 мың Гкал. құрады, бұл өткен жылғы көрсеткіштермен салыстырғанда 7,5 пайызға көп. Өткен қыста жұмсалған электр энергиясының көлемі сағатына 1 млн. 197 мың кВт-ты құрады.

 Сондай-ақ өткен маусымда 3 358 тонна (немесе 146 цистерна) сұйытылған көмірсутегі газы босатылды. «Астана Газ Қызмет» ЖШС 1215 көппәтерлі тұрғын үйді, яғни 68 703 тұтынушыны газбен қамтамасыз етеді.

 Қалалық штабтың жетекшісі, әкімнің орынбасары Василий Крылов атап көрсеткендей, бүгінгі таңда қаланың барлық коммуналдық қызметтері мен энергетикалық кешен кәсіпорындары алдағы жылу беру маусымына дайындық шеңберінде жөндеу бағдарламаларын бекітіп, оны жүзеге асыруға кірісіп кетті.