Астана әкімі мемлекеттік қызметтердің бірқатарын Халыққа қызмет көрсету орталықтарына беруді ұсынды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астана әкімдігінде қала басшысы Әділбек Жақсыбековтың төрағалығымен мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын арттыру бойынша семинар-кеңес өтті, деп хабарлады Астана қаласы әкімінің баспасөз қызметі.

Астана әкімі мемлекеттік қызметтердің бірқатарын Халыққа қызмет көрсету орталықтарына беруді ұсынды

Кеңес тақырыбы - мемлекеттік қызметтер көрсету барысын жеңілдету, мемлекеттік органдардың жұмысын жақсарту және бюрократиялық кедергілерді жою.

Кездесу барысында Әділбек Жақсыбеков мемлекеттік органдардың жұмыс нәтижесін бағалау кезінде әрбір азаматтың пікірін есепке алу керектігін, жұмысты жақсарту үшін қоғамдық бақылауды пайдалану, тұрғындардың арыздарына мұқият көңіл бөлу қажет екендігін айтып өтті. Өйткені, мемлекеттік қызметкерлердің негізгі мақсаты - халыққа сапалы қызмет көрсету.

Мемлекеттік қызмет сапасын жақсартудың тағы бір тәсілі - электронды формаларды пайдалану, қызметтердің бірқатарын Халыққа қызмет көрсету орталықтарына беру.

«Бұл жағынан алғанда елорда заң шығарушы болуы керек, шенеуніктердің азаматтармен қатынасы барынша аз болуы үшін біз әр бір ведомствоның жұмысын талдай отырып, шешім таба аламыз», - деді қала әкімі.

Кезек мәселесін көтере отырып, қала әкімі Әділбек Жақсыбеков қалалық емханалардағы жағдайға тоқталды. Соңғы кезде қала тұрғындарынан арыз-шағымдар көптеп келіп түсуде. Астана қаласы Денсаулақ сақтау басқармасының басшысы Айгүл Сегізбаеваның айтуынша, сол жағалауда 2 жаңа БМСК орталығы мен бір ауысымда 250 адам қабылдай алатын амбулаториялық-емхана кешенін ашу жоспарланған. Сонымен қатар, кейбір емханаларда электронды кезекті енгізу және қабылдауға онлайн жүйеде жазылу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Әділбек Жақсыбеков бұл мәселені мұқият зерттеп, оны шешу бойынша кешенді жұмыстар атқаруды тапсырды. Қала басшысы денсаулық сақтау қызметтеріне ерекше көңіл аударуға шақырды.

«Тексерілуден тез өту үшін адамдар міндетті түрде терапевтке баруға мәжбүр. Адамдарға емханаларда екі-үш сағат кезекте тұруға тура келеді. Кейін мамандандырылған дәрігердің қабылдауына кіру үшін тағы да сонша кезек күтеді. Медицина қызметінің сапасына сәйкес тұрғындардың осы салаға деген көзқарасы қалыптасады. Сондықтан, бірінші кезекте тұрғындар тарапынан дәрігерлердің, полиция қызметкерлерінің, коммуналдық қызмет түрлерінің үстінен түсірген арыз-шағымдарына көңіл аудару қажет», - деп атап көрсетті Ә. Жақсыбеков.

Кеңеске қатысушылар халыққа сапалы қызмет көрсету бойынша мемлекеттік органдар қызметін жетілдіру бойынша үлкен жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті. Осыған байланысты Астана әкімі мемлекеттік органдардың бұған жауапты барлық басшыларына Мемлекеттік қызметтердің регламентін уақытылы бекітуді, барлық процедураларды оңтайландыруды, мемлекеттік қызметтер тізілімін кеңейту бойынша ұсыныс дайындауды тапсырды.

Кеңес қорытындысы бойынша, мемлекеттік қызмет көрсету процедураларын жетілдіруге бағытталған ұсыныс-хат Ұлттық экономика министрлігіне жолданады.