Астана әкімі суға қатысты маусымдық проблеманың шешімін атады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана әкімі Әсет Исекешев халықаралық қаржылық институттар көмегімен елордадағы суға қатысты маусымдық проблеманы шешуге ниетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Астана әкімі суға қатысты маусымдық проблеманың шешімін атады

«Біз қазір су ресурстарын басқару бойынша жоспар аясында жүйелі жұмысты бастадық. Жыл сайын бірқатар өңірде сумен күрес басталады. Біздің климаттың ерекшелігіне байланысты көктемде күн жылығанда тасқын су жайыла бастайды. Осы орайда бұған елеулі күш жұмылдырылады. Ал жазда су жетіспейді. Сондықтан да Азия даму банкі мен Еуропа даму банкін тартып, кешенді жоспарға қадам жасамақпыз. Бұл тұрғыда жерасты суы, тасқынды су және сумен қамтамасыз ету бағытындағы барлық мәселелер ескеріледі. Осы ретте көптеген проблеманы шешеміз, бірінші кезекте экологиялық мәселеге мән беріледі»,-деді Исекешев Астана экономикалық форумында.

Оның сөзіне қарағанда, бұл шешім қалалық ортаны трансформациялау бағдарламасының бір бөлігі болып табылады. Оның аясында 50 қоғамдық кеңістік айқындалған. Олар қалалық өмірдің орталығы болып қалыптасады. Бұл ретте көшелерді, алаңдарды, саябақтарды, жаяу жүргіншілер және велосипед инфрақұрылымын дамыту қамтылып отыр.