Астана әкімі түлектерді мектеп бітірулерімен құттықтады (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Соңғы қоңырау - мектептегі ұмытылмас салтанатты шаралардың бірі. Биыл елордалық 4407 түлек мектеп бітіреді, олардың 173-і «Алтын белгіге» үміткер, 3554-і ҰБТ тапсырады.

Астана әкімі түлектерді мектеп бітірулерімен құттықтады (ФОТО)

Бүгін қаланың барлық мектептерінде «Соңғы қоңырау» салтанатты жиналысы ұйымдастырылды. №6 гимназияда өткен осындай іс-шаралардың біріне Астана әкімі Әділбек Жақсыбеков қатысты, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Қала басшысы оқушыларды, ата-аналар мен ұстаздарды атаулы оқиғамен құттықтап, түлектерді алда жаңа белестер күтіп тұрғанын айтты.

«Абайдың «Адамның күші білімінде» деген сөздерін еске ала отырып, ұстаздарыңыз бен ата-аналарыңыздан алған терең, сапалы білімдеріңіз болашақта барлық армандарыңызды іске асыруға көмектесетініне сенімдімін. Әрбіріңізді жаңа жеңістерге шабыттандыратын мақсаттар қанаттандырсын», - деді қала басшысы түлектерге арнаған сөзінде.

Қорыта келе, әкім балаларға Ұлттық бірыңғай тестілеуді сәтті тапсыруды, сондай-ақ зор денсаулық пен табыс тіледі.

Биыл гимназияны 72 түлек бітіреді, олардың төртеуі «Алтын белгіге» үміткер. Жалпы №6 мектеп гимназиясында 1298 оқушы білім алуда.

Аталған гимназия ҰБТ нәтижесі бойынша екінші жыл қатарынан елордалық мектептер мен лицейлер арасында көш бастап келеді, ал, интеллектуалды сайыстардың нәтижесі бойынша қаладағы үздік бестікке енді.

Айта кетейік, соңғы қоңырауға арналған салтанатты жиналыстарға Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев пен Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов те қатысты.

Мерекелеу «Бәйтерек» монументі алдындағы алаңда жалғасып, 13.00 «Соңғы қоңырау сыңғыры!» концерті мен би кешіне ұласады.

Мереке қонақтары үшін Марина Бейсеханова, Татьяна Ким, Ренат Мальцагов, ағайынды Жүгінісовтар, «Z» триосы, «Ұлар» дуэті, «Артист» би ұжымы, «VIVA» шоу-балеті және т.б. отандық эстрада жұлдыздары өнер көрсетеді. Шараның жүргізушілері - Азат Әбікен мен Арман Николаевич.

Осы күні дәстүр бойынша халықаралық олимпиадалар, ғылыми жобалар байқауларының жүлдегерлері мен жеңімпаздары Тәуелсіздік сарайында өтетін «Триумф балына» жиналады. Озат оқушыларды құттықтау салатанаты 17.00 басталады. Түлектерді интерактивті сайыстар, би флэшмобы және т.б. қызықтар күтуде.