Астана әкімі үлескерлер проблемасын 3 жылда шешпек
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордадағы құрылысы бітпеген проблемалы нысандар 2022 жылы толық пайдалануға беріледі. Бұл туралы бүгін Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов қала активімен өткен жылды қорытындылауға арналған жиында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Өздеріңізде білетіндей, Мемлекет басшысы «Нұрлы жер» мен «7-20-25» атты ауқымды тұрғын үй бағдарламаларын іске қосты. Бүгінгі күні Астана бойынша екінші деңгейлі банктер жапы сомасы 20,4 млрд теңге болатын кредитті мақұлдады. Бұл 1400 отбасын пәтермен қамтамасыз етеді», - деді Бақыт Сұтанов.
Оның айтуынша, бағдарлама барынша қолжетімді бола түсуі және қалаға қажетті мамандарды тарту үшін білім беру, денсаулық сақтау және полиция қызметкерлеріне баспана сатып алуларына 1 млн теңге көлемінде бастапқы жарна түріндегі әлеуметтік көмек беріледі. Бұл қаражат жергілікті бюджеттен бөлінеді.
«Біз жаңа жылдың алдында сертификат түріндегі алғашқы 100 субсидияны бердік. 2019 жылы тағы да 2 мың субсидия беруді жоспарлап отырмыз. Дегенмен, толық салынып бітпеген нысандар құрылыстағы проблемалы мәселелердің біріне айналып отыр. Қазіргі уақытта қалада мұндай 29 нысан бар. Үлескерлердің проблемасын шешу үшін Жол картасын әзірледік және 2022 жылдың соңына дейін барлық проблемалы нысандардың құрылысы аяқталады», - деді ол.