15:51, 04 Наурыз 2009 | GMT +5
Астана әкімінің орынбасары Әйел істері жөніндегі ұлттық комиссияның мүшелеріне алғыс хаттар табыс етті
АСТАНА. Наурыздың 4-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бүгін Астана қаласы әкімдігінде ҚР Президенті жанындағы әйел істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның 10 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті.
Астана қаласы әкімінің орынбасары, Гендерлік саясат жөніндегі қалалық комиссияның төрағасы Әмірхан Рақымжанов комиссияның бір топ мүшесін алғыс хаттармен марапаттады, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Ә.Рақымжанов әйелдерді қала әкімі Иманғали Тасмағамбетовтың атынан келе жатқан Наурыз және Халықаралық әйелдер күні мерекелерімен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді. Марапатталғандардың қатарында Астана қалалық Ішкі істер департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бойынша аға инспекторы Қарлығаш Мұстафина, «Қазақстанның кәсіпкер әйелдері одағы» ҚБ төрағасы Меруерт Қазбекова, М.Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайының директоры Валентина Рябова және басқалар бар. Сондай-ақ әкім орынбасарының атап өткеніндей, Астанаға наурыздың 5-6-сы күндері Тәуелсіздік сарайында Елбасының қатысуымен өтетін Қазақстан әйелдерінің V форумына еліміздің түкпір-түкпірінен, тіпті шет елдерден делегациялар көптеп келіп жатыр. Екі күнге созылатын басқосу қазақстандық әйелдердің құрметіне арналатын болады. Форум соңы арнайы мерекелік концертпен аяқталады. Естеріңізге сала кетейік, Елбасының Жарлығына сәйкес, республиканың барлық аймақтары мен қалаларында гендерлік саясат жөніндегі комиссиялар жұмыс істейді. Оларға облыс және қала әкімдерінің орынбасарлары басшылық етеді. Бұл Мемлекет басшысының әйел істері мен отбасылық-демографиялық мәселелерге қатысты тапсырмаларының уақтылы және сапалы орындалуын жергілікті деңгейде қадағалау мақсатында қолға алынған.