Астана әкiмiнiң орынбасары ереже бұзған жүргiзушiлердi бiрден қатаң айыппұлдармен жазаламауды сұрады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана әкiмiнiң орынбасары Андрей Лукин жаңадан енгiзiлген "Жол ережелерiне" қатысты полицейлерден ереже бұзғандарды бiрден жазаламауды сұрады.
"Мен IIД басшылығына қолқа салайын деп отырмын. Бiзде енгiзiлген жаңа ережелердi барлық жұрттың бiлiп үлгермейтiнi анық. Сондықтан түсiнiстiк танытып, оларды қатаң жазаламай, түсiндiрме жұмыстарымен ғана шектелсеңiздер", - дедi ол елорда әкiмдiгiнде өткен жаңа ережелердi түсiндiруге арналған семинарда.
Айта кетейiк, 2015 жылдың 1 қаңтарынан Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодекстiң жаңа редакциясы күшiне ендi. Оның iшiнде "Жол ережелерi" баптары бойынша жол-көлiк ережелерiн бұзу фактiлерiне қатысты жауапкершiлiктер қатаңдатылды.