Астана әкімдігі жол жүру ақысы қымбаттауының себебін түсіндірді
АСТАНА. KAZINFORM – Елордада биыл 1 тамыздан бастап қоғамдық көлікте жол жүру ақысы 110 теңгеге қымбаттайды. Он жыл бойы тоқсан теңге төлеп келген тұрғындар тарифтің көтерілуін құптап отырған жоқ. Әкімдік болса, өзгерістің өзіндік себебі бар екенін алға тартып отыр.

Астана қаласы көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының бас маманы Әлихан Керімжанның айтуынша, тариф 10 жыл бойы өзгермеген. Ал бұл уақытта тасымалдаушылардың шығыны арта түскен.
«Кейінгі 10 жыл ішінде тасымалдаушылар көптеген шығынға тап келгенін алға тартып отыр. Мысалы, дизель отынының құны 2014 жылы 107 теңгені құраса, бүгінде 295 теңгеге тең. Автобус жүргізушілердің жалақысына тоқталсақ, 2014 жылы 100-150 мың теңге болса, қазіргі таңда 500-600 мың теңгені құрайды», - деді ол.
Айта кетейік, Астанада жолаушыларды тасымалдауға 8 автобус паркі жұмылдырылған. Олардың барлығы мемлекет тарапынан субсидия алып отыр. Тарифтің қымбаттауы тасымалдаушыларға үлестірілетін субсидияны шамамен 15 пайызға азайтады деп күтіліп отыр.
Қала берді, тасымалдаушылар техника паркін жаңартуға міндеттелмек. Биылдың өзінде су жаңа 200 автобус қатарға қосылады деп жоспарлануда.
Естеріңізге салсақ, елорда әкімі Жеңіс Қасымбек тұрғындармен кездесуде жазда Астанадағы жол жүру ақысы 20 теңгеге қымбаттайтынын айтқан болатын.