Астана әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының сұхбат алаңына айналды - сарапшы пікірі
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының сұхбат алаңына айналды. Бұл пікірді ҚР МСМ Дін істері комитеті Мәдениет және дін халықаралық орталығының аға сарапшысы А.Ағымбаева білдірді.
«Қазақстан Республикасы тәуелсіздік жылдары ішінде конфессияаралық және этносаралық келісімнің өзіндік бірегей моделін құрды. Қазақстанда әр түрлі конфессияға құлшылық ететін түрлі этностардың саны да басым. Осыған орай Қазақстан және оның елордасы Астана әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының сұхбат алаңына айналып отыр», - деді ол.
Оның атап өтуінше, әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін қазақ жерінде өткізу бүкіл әлем халқының дәстүріне, құндылықтарына, мәдени жетістіктеріне деген құрметті білдіреді.
«Қазақстан зайырлы әрі діннен жеке тұрған мемлекет болып саналғанымен конфессиялар арасындағы сұхбаттастықты дамытуға өз септігін тигізіп келеді. Біздің мемлекетіміз барлық халықтар мен түрлі дін өкілдерінің жанжалсыз бейбіт өмір сүруіне жағдай жасауда баға жетпес тәжірибеге ие», - деді сарапшы.
А.Ағымбаеваның сөзіне қарағанда, дін көшбасшыларының бірлесіп жұмыс істеуі қоғамдағы тұрақтылықты, халықтардың өзара түсіністігін қамтамасыз етеді. Сонымен бірге діни себептермен орын алатын жанжалдардың шығу себебін анықтауға да мүмкіндік береді.