Астана, Алматы және Шымкент әкімдері мәслихат сайлауында дауыс берді
АСТАНА. KAZINFORM — Республикалық маңызы бар үш қаланың әкімдері мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауында дауыс берді.
Астана әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында мәслихат депутаттарын сайлауға қатысып, дауыс бергенін мәлімдеді.
– Бүгін мәслихат депутаттарының сайлауында дауыс бердім. Бұл – еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды оқиға. Сайлау – әрбір азаматтың өз ұстанымын білдіріп, қаланың одан әрі дамуына үлес қосуына мүмкіндік беретін маңызды үдеріс. Мәслихат елорда мен оның тұрғындарының өміріне тікелей әсер ететін мәселелерді шешуде маңызды рөл атқарады, – деп жазды ол.
Әкімнің айтуынша, Астанада дауыс беруге барлық қажетті жағдай жасалған. Сайлау учаскелері қалыпты режимде жұмыс істеп тұр.
Алматы әкімі Дархан Сатыбалды да сайлауға қатысып, Satbayev University ғимаратында орналасқан №257 сайлау учаскесінде дауыс берді.
Қала басшысы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жергілікті билік жүйесінде мәслихаттардың рөлін күшейтудің маңыздылығын бірнеше рет атап өткенін айтты.
Оның сөзінше, мәслихат депутаттары тұрғындардың мүддесін білдіріп, қала үшін маңызды мәселелерді шешуге атсалысады.
Шымкент әкімі Ғабит Сыздықбеков те сайлауда өз таңдауын жасады.
Айта кетейік, бұған дейін Мәслихат сайлауында сағат 14-00-дегі мәліметтер бойынша сайлаушылардың 45,46%-ы дауыс бергенін жазғанбыз.