Астана, Алматы қалалары мен облыс орталықтарынан тегін жер учаскелерін беру тоқтатылады

АСТАНА. 28 ақпан. ҚазАқпарат - Астана мен Алматы қалаларынан, сондай-ақ облыс орталықтарынан жеке тұрғын үй құрылысына тегін жер учаскелерін беру тоқтатылады. Бұл туралы бүгін Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастарын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының таныстырылымы барысында мәлім болды.

Астана, Алматы қалалары мен облыс орталықтарынан тегін жер учаскелерін беру тоқтатылады

«Заң жобасымен ұсынылған тағы бір норма жер учаскелерін жеке тұрғын үй құрылысы үшін жеке меншікке тегін беруді Астана, Алматы қалалары мен облыс орталықтарына қарастырмауды көздейді. Жалпы Қазақстан Республикасында әсіресе үлкен қалаларда жеке тұрғын үй құрылысына жер беру аса өзекті әрі проблемалы мәселенің бірі. Жер кодексіне сәйкес, республика азаматтары тегін негізде жеке тұрғын үй құрылысы үшін 0,10 гектар жер учаскесін бір рет алуға құқылы. Өкінішке қарай, жұртшылық бұл норманы жерді тегін әрі тез алуға болатын, сондай-ақ соның арқасында қосымша табыс табатын кепіл ретінде қабылдап келді», - дейді Өңірлік даму министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Қадырхан Отаров. Оның айтуынша, жұртшылықтың сондай түсінігінің өзі ірі қалаларда жер учаскелерін алуға ниеттенушілердің санын күрт өсіріп тастады.

«Өз құқыларын білгендіктен, азаматтар мемлекеттен тегін жер бөліп беруді талап етіп жүр. Ал олардың талабы қанағаттандырылмаса, онда өз еріктерімен, мемлекеттің араласуынсыз-ақ жерді басып алып, өз құқықтарын жүзеге асырмақшы болған жайттар да кездесті», - дейді комитет төрағасы. Оның айтуынша, әлгіндей өрескел әрекеттер қолданыстағы заңнаманы жаппай бұзуға, әлеуметтік жағымсыз құбылыстарды тудыруға әкеп соқтырған. Ал жаңа норма осындай олқылықтардың орнын толтырмақшы.