Астана, Алматы мен Шымкентте өткен айда алтын құйма көп сатылған
АСТАНА. ҚазАқпарат – Маусым айында екінші деңгейлі банктер мен жекелеген банктік емес айырбастау пунктерінде жалпы салмағы 123,4 келі 2 791 алтын құйма сатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ұлттық банкке сілтеме жасап.
Алтын құймалар бес түрлі салмақта ұсынылады: 5, 10, 20, 50 және 100 г. Сатып алушылар арасында өте жоғары сұранысқа ие түрі – 10 грамдық алтын құйма. Жалпы, сатылған құймалар арасында оның үлесі – 26% немесе 34 526 дана. Одан кейін 5 грамдық алтын құйма – 30 034 дана (23%), 100 грамдық құйма – 27 626 дана (21%), 20 грамдық құйма - 24 327 дана (18%) және 50 граммдық құйма – 15 883 дана (12%).
Маусымда алтын құймалар мына өңірлерде ең көп сатылған: Алматы (1 404 дана, 50%), Шымкент (627 дана, 22%) және Астана (168 дана, 6%).
Халыққа тазартылған алтын құймаларды сату және сатып алу бағдарламасын Ұлттық Банк 2017 жылы іске қосқан болатын. Бағдарлама қолға алынғалы жалпы салмағы 4,5 тонна 132 396 алтын құйма сатылған.
Алтын құймалар сенімді инвестиция құралы бола алады. Нарықтағы өтімділіктің басты кепілі – банк пен банктік емес айырбастау пунктері клиентке ақшаны сол күні төлей отырып, алтын құймаларды кері сатып ала алады.
Бағдарлама басталғаннан бері екінші деңгейлі банктер мен жекелеген банктік емес пунктер жалпы салмағы 599,9 келі 22 848 алтын құйманы кері сатып алған, бұл – жалпы сатылған алтын құймалардың 17%-ы. Олар кері сатып алған алтын құймалардың барлығы дерлік Ұлттық Банктің филиалдары арқылы халыққа сатылады.
Әрбір құйма қорғау элементтерімен қапталған (құйманың айна беті, микротекст және жиегі бар) және арнайы қорапқа салынып шығады, сол арқылы құйманың ашылған-ашылмағанын оңай тексеруге болады. Қорғап тұратын қорап, сондай-ақ сапа сертификаты болып саналады. Сондықтан, алтын құйманы ұқыпты сақтап, қорабын бүлдірмеуге кеңес береміз.