Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

«Астана-Алматы» супермарафонына қатысушылар 1300 км жүгірді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - «Астана-Алматы» супермарафоны Алматыда өз мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Астана-Алматы» супермарафонына қатысушылар 1300 км жүгірді

Марафон 30 қарашада Астанадағы «Отан ана» алаңында сағат 10:30-да басталды. 6 күн мен 5 түн бойы қатысушылар 1300 км қашықтықты жүгіріп өтті. Қатысушылар Алматыдағы «Мәңгілік алау» маңында 5 желтоқсан күні сағат күндізгі 11-00-де мәре сызығын кесіп өтті. Супермарафонға қатысушылардың 80% құрылысшылар.

«Супермарафонның негізгі міндеті - салауатты өмір салтын ұстануды қолдау. Біз адамдардың спортқа деген көзқарасын жақсартқымыз келеді. Жүгіруді сауатты әрі жоспарлы түрде ұйымдастырса, 1300 км-ді әркім-ақ жүгіріп шыға алады. Бұрын марафон жүгіру деген қолдан келмейтін істей көрінетін. Қазір әр оныншы қазақстандық 5 немесе 10 км-ге, көбі жартылай марафон 21 км-ге жүгіреді. Мұндай марафондарды жүгірген адам супермарафонға да қатыса алады. Челленджді спортшыларға, әуесқой спортшылар мен кәсіпкерлерге жолдаймыз. Біз қысқы супермарафонды жүгіріп өттік. Алматылықтар басқасын өткізсе болады. Алматылықтар эстафетамызды жалғастырады деп сенеміз», - деді Қазақстан құрылысшылар одағының төрағасы Талғат Ерғалиев.

Супермарафонға Астанадан 10 адам қатысып, әр қатысушы күніне кем дегенде 20 км жүгіріп отырған. Жел өтпейтін жылы киім киген олар қатаң ауа райына төтеп бере алды.

«Күніне бәріміз 200 км-ге жуық қашықтықты жүгіріп отырдық. Денесі шыныққан адамға бұл орташа деңгейдегі ауырлық. Жолда Қарағандыда, Балқаш пен Сарышағанда, Приозерск пен Шағанда, Шамалған мен Қаскелеңде болдық», - деді Талғат Ерғалиев.

«Жастарға кейде компьютер мен смартфоннан бір ауық дем алып, денсаулыққа көңіл бөлу керегін үлгі еткіміз келеді. Біз сияқты үлкен қашықтыққа кірісіп кетпесе де, өздерінің челленджерін ойлап тапса болады. Сонда ұлттың денсаулығы мықты, күші мығым, білімді, белсенді болады», - деп Талғат Ерғалиев сөзін аяқтады.

Марафонға қатысушылар Ішкі істер министрлігіне, Астана, Алматы қалалары мен Қарағанды, Жамбыл облысының әкімдіктеріне алғыс білдірді.


Таңшолпан Бегалықызы