«Астана» - АПОЭЛ футбол матчы кезінде елордада жол қозғалысы шектеледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Тамыздың 18 күні сағат 22:00-де "Астана Арена" стадионында Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіндегі бірінші футбол матчы - "Астана" мен АПОЭЛ (Кипр) арасындағы кездесу өтеді. "Астана Арена" стадионына жанкүйерлер билет бойынша кіргізіледі.
None
None

Осыған орай, сағат 19.00-ден бастап іс-шараның соңына дейін қоғамдық көліктер мен такси көліктерінен басқа көлік құралдарының қозғалысы Қабанбай батыр және Тұран даңғылдарының бойынан, Керей-Жәнібек хандар көшесінен Хусейн Бен Талал көшесіне дейін шектеледі. Орынбор көшесі бойымен айналып өтуге кеңес беріледі.

Астананың Халықаралық әуежайына баруды жоспарлаған азаматтарға және сол маңдағы поселкелердің тұрғындарына айналып өту маршруттарын алдын-ала жоспарлап алу қажет.

Астана қаласы ІІД Әкімшілік полиция басқармасы автокөлік иелеріне футбол матчына қоғамдық көлікпен келуге кеңес береді. Іс-шара өткізілетін орынға қозғалыс еш кедергісіз жүзеге асырылады.

Сонымен қатар, өткізілетін іс-шара аумағында Әкімшілік полиция басқармасының эвакуаторлары жұмыс істеп, тұрақ ережесін бұзған автокөлік иелері үшін көліктерін айыппұл тұрағына жеткізумен әкімшілік шара түрі қолданылатын болады.

Көрермендерді әкімшілік берген автобустармен іс-шара өтетін орынға апару және жинау, белгілі орындардан алып кету жүзеге асырылады. Ол жерлер: «Қазақстан» спорт кешені, цирк, «Хазірет Сұлтан» және «Нұр Астана» мешіттерінің, Қ.Мұңайтпасов атындағы алаңның және Ақжайық көшесінің бойындағы «Жастар» театрының (бұрынғы К.Байсейітов атындағы ұлттық опера және балет театры) тұрақтары.

Қоғамдық тәртіпті қорғау және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін футболдық матч өткізу кезінде Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық гвардиясының әскери қызметкерлерін тартуымен 2 мыңға жуық полиция қызметкерлері қатысады.

Соңғы жаңалықтар