«Астана Арландары» 13-ші жеңіске қол жеткізді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүкіләлемдік бокс сериясында (WSB) өнер көрсететін қазақстандық «Астана Арландары» клубының боксшылары қатарынан 13-ші жеңісіне қол жеткізді.
Буэнос-Айресте жергілікті «Аргентина Кондорларына» қарсы шыққан қазақ боксшылары қарсыластарынан 4:1 есебімен басым түсті.
Бұл матчта алғашқы болып шыққан Жомарт Ержан қарсыласы Леонардо Заратеден 3-0 есебімен жеңілген болатын. Дегенмен кейін Қайрат Ералиев Джонатан Санчесті айқын басымдылықпен жеңіп кетті. Команда капитаны Самат Башенов Лукас Хименесті тұқыртса, Жәнібек Әлімханұлы Кристиан Заратеден басым түсті. Аса ауыр салмақта Василий Левит Диего Бланконы нокаутпен жеңді.