«Астана арландары» «Бейжің айдаһарларын» жеңді - кәсіпқой бокс

АСТАНА. 28 ақпан. ҚазАқпарат - Жексенбі, 27 ақпанда өткен "Astana Arlans" клубы мен қытайлық "Beijing Dragons" клубы боксшыларының кезекті кездесуі 5:0 есебімен, біздің жігіттердің жеңісімен аяқталды.

«Астана  арландары»   «Бейжің  айдаһарларын»   жеңді - кәсіпқой  бокс

«Астана арландары» мен «Бейжің айдаһарларының» кездесуі Бокстың Дүниежүзілік Сериясының (WSB) аясында өтті.

54 келі салмақта Міржан Рахымжанов Лу Шофангты жеңсе, 61 келі салмақта Ержан Мұсафиров Фанг Лиға бас көтеруге ешқандай мүмкіндік берген жоқ.

Үшінші жекпе-жекте, 73 келі салмақ санатында Қанат Ислам «Бейжің айдаһарларының» бразилиялық легионері Лима Педроны айқын басымдықпен жеңді.

Ал 85 келі салмақта Марат Молдагереев Файе Ассаннан басым түссе, аса ауыр салмақта (91 келіден жоғары) біздің өзбекстандық легионеріміз Сардор Абдуллаев Ма Чжихуаны техникалық нокаутпен жеңді.

«Астана арландары» енді басты қарсыластары - «Баку Флайерспен» кездесуге дайындалады.